Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына әскери қызметшілердің қатысу көрсеткіштерін жедел бақылау мақсатында заманауи ақпараттық технологиялар қолданылуда.
Осы мақсатта цифрландыру бөлімі әзірлеген «Қолбасшының ахуалдық орталығы» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Аталған платформа сайлау учаскелеріндегі дауыс берушілер саны туралы деректерді нақты уақыт режимінде алуға және талдауға мүмкіндік береді.
Әскери бөлімдерде құрылған арнайы штабтар тиісті мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып, өңірлік қолбасшылық штабына жолдауда. Сонымен қатар Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде орналасқан сайлау учаскелерінде дауыс беретін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне қатысты статистикалық есеп бөлек жүргізілуде.
Цифрлық технологияны қолдану ақпарат алмасу жеделдігін арттырып, деректерді орталықтандырылған тәртіпте жинақтауға және ұйымдастырушылық жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.



