





Түркістан өңірінде дәстүрлі «AGROFEST TURKISTAN» мерекелік іс-шарасы биыл да жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерін құттықтап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып жүрген сала үздіктерін марапаттады. Мереке аясында диқандар мен шаруаларға, малшылар мен өңдеу өнеркәсібінің мамандарына адал еңбектері үшін зор алғыс айтылып, өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі басты жетістіктері таныстырылды.
— Мал шаруашылығы бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Елімізден экспортталатын сиыр етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы осы өңірге тиесілі (10 айда 35,5 мың тонна ірі қара еті мен 25,2 мың тонна қой еті шетелге жөнелтілді). Ет кластері аясында 54,1 млрд теңгелік 8 жоба жүзеге асырылуда, сондай-ақ Ордабасы ауданында қалдықтарды өңдеп, Қытайға пептон экспорттайтын «HUATING BIOTECHNOLOGY» зауыты (9 млрд теңге) іске қосылғанын білесіздер. Сонымен қатар, фестиваль аясында «Growmart AI» цифрлық агрохабын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл – ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам, — деді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.
Бүгінде Түркістан облысы — еліміздің аграрлық саласындағы көшбасшы өңірлердің бірі, агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған саланы технологиялық жаңғырту және өнімді терең өңдеу міндеттері өңірде нақты жобалар арқылы жүзеге асуда. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 трлн 252 млрд теңгеге жетіп, 107 пайыз өсім көрсетті. Жыл қорытындысында бұл межені 1,4 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ негізгі капиталға 236,1 млрд теңге инвестиция тартылып (1,3 есеге артты), қайта өңдеу өнімдері 150,2 млрд теңгені құрады (1,2 есеге ұлғайды), ал өнім экспорты 592 млн АҚШ долларына жетіп, 1,7 есеге өсті.
Биыл өңірде егіс көлемі 9 мың гектарға ұлғайып, 920 мың гектарға жетті. Суды көп қажет ететін күріш алқабы 7,4 мың гектарға қысқартылып, майлы дақылдар, жүгері және мақта алқаптары кеңейтілді. Нәтижесінде диқандар қамбаны астыққа толтырып, 534 мың тонна дәнді дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімдері, 5 млн тонна мал азықтық дақыл және 556 мың тонна мақта жинады. Бұдан бөлек, 1 007 гектар жылыжайдан 150 мың тонна көкөніс өндіріліп, маусымаралық кезеңде республика халқының жылыжай көкөнісіне сұранысының 63 пайызы қамтамасыз етілді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында биыл су үнемдеу технологиялары қосымша 50 мың гектарға енгізіліп, жалпы алқап 164 мың гектарға жетті, бұл 280 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Бәйдібек ата» мен «Қарақуыс» су қоймалары іске қосылса, халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобалар 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігін арттырмақ. Ал техника паркін жаңарту аясында Ордабасы ауданындағы «Қаз Киоти» кәсіпорны тракторлар мен суару жүйелерін өндіруде, Түркістанда ашылған «ҚазАгроМаш» филиалы келер жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруды жоспарлап отыр.
Өңірде шикізатты терең өңдеу үшін кластерлік дамуға ерекше басымдық берілген. 2030 жылға дейін құны 212,6 млрд теңгелік 5 кластерді іске асырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда 146 млрд теңгелік мақта-тоқыма кластері аясында мақта өңдеу зауыттары мен жіп иіру фабрикасы жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта тоқыма және тігін фабрикалары салынбақ. Шардарадағы «Казкрахмал» зауыты (35 млрд теңге) жүгеріден 20-дан астам өнім түрін Азия мен Еуропа нарықтарына экспорттаса, Отырарда құны 7,8 млрд теңгелік дән кептіру зауыты салынуда.





