Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында 1–11 сынып оқушыларына арналған мазмұнды сынып сағаттары өткізілді. Жасөспірімдердің өзара сыйластығын арттыруға, буллингтің алдын алуға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және әлеуметтік жауапкершілігін нығайтуға бағытталған бұл тәрбиелік шаралар мектептің барлық буынын қамтыды.
Іс-шаралардың негізгі өзегінде «ДОСБОЛLIKE» жобасы аясындағы «Біз әртүрліміз, бірақ біз теңбіз» тақырыбы мен «Өнер жан-жақтылықта, күш бірлікте» кезеңі тұрды. Әр сыныптың жас ерекшелігіне қарай тақырыптар сатылай нақтыланды. Мәселен, 1-сыныптарда жедел қызметтер мен байланыс орталықтарының телефон нөмірлері таныстырылып, «Мен + Сен = Біз» тақырыбында қызығушылықтар арқылы достықты нығайту мәселесі қозғалды. 2-сыныптар «Әрқайсымыз бірегейміз» тақырыбы мен «Біздің күшіміз – бірегейлікте» кезеңінде әр баланың ерекшелігін бағалауға үйренді.
Орта буын оқушылары да маңызды тақырыптарды талқылады. 3-сыныпта «Сөз энергиясы» тақырыбы мен «Сөздің ұлы күші» кезеңінде жылы әрі әдепті сөйлеудің маңызы айтылып, 10 минуттық қауіпсіздік сабағы өтті. 4-сыныпта күйзелісті түсіну мен басқару жолдары қарастырылып, қосымша секциялары бар бағдаршамдар мен ЖЖЕ №3 ережелері пысықталды. 5-сыныпта сенім және шұғыл қызмет телефондарымен қатар «Қақтығыстарды басқару өнері», қарым-қатынас ережесі және көлік құралдарының нөмірлік, тану белгілері мен жазбалары түсіндірілді.
6-сыныптарда өзімнің және өзгенің жеке шекараларын сақтау мен көліктердің аялдау, тұрақтау орындары талқыланса, 7-сыныпта «Ұжымның күші» тақырыбы мен «Басқаларды түсіну қабілеті» кезеңі, сондай-ақ жол белгілері мен ЖЖЕ №3 мәселелері қамтылды. Жоғары сыныптарда тұлғалық даму мен жауапкершілікке басымдық берілді: 8-сыныпта өміршеңдік ресурстары мен қоршаған орта, 9-сыныпта «Шабыттандыратын көшбасшы» тақырыбы мен жеке қасиеттер арқылы көшбасшылықты қалыптастыру, ал 10-сыныпта «Өзіме де, өзгелер үшін де жауаптымын!» тақырыбы мен «Жауапкершілік – менің таңдауым» кезеңі өтті. 11-сынып оқушыларына да сенім және шұғыл қызмет нөмірлері мен өмірлік қауіпсіздік дағдылары пысықталды.
Мектепте өткен кешенді сынып сағаттары оқушылардың бір-біріне құрметпен қарауына, қиын жағдайда көмекке жүгіну жолдарын білуіне және күнделікті өмірде саналы шешім қабылдауына ықпал етті. «Адал азамат» бағдарламасы аясындағы мұндай жүйелі жұмыстар жас ұрпақтың қауіпсіз әрі үйлесімді ортада тәрбиеленуіне берік негіз қалайды.






