Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық дәуір талаптарына бейімдеп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Бұл бағытта мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру, шешім қабылдау үдерісін жеделдету және қағазбастылықтан арылу міндеті қойылып отыр. Жасанды интеллектіні енгізу арқылы қайталанатын міндеттерді автоматтандырып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру көзделеді.
Сонымен қатар Президент мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігін арттыруға басымдық берді. Осыған орай мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеп, олардың Конституцияға және халыққа адал қызмет етуін басты ұстаным ретінде бекіту ұсынылды.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару саласында жүйелі реформалар жүргізу қажеттігін атап өтіп, Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін тиісті кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Негізгі мақсат – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген заманауи әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру.



