«ЗЕРДЕЛІ ҰЛТ – ЗЕРЕК ОҚЫРМАН» атты зияткерлік алаңға арнайы келген қонақтар шара басталмас бұрын Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына экскурсия жасады. Мұндай мазмұнды кездесулер – мегаполисте рухани құндылықтарды ұлықтау, жастар арасында патриоттық тәрбие мен отансүйгіштік сезімді арттыру, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың айқын дәлелі.
Экскурсия барысында мәртебелі меймандар кітапхананың тыныс-тіршілігімен, заманауи қызмет көрсету бағыттарымен, оқырмандарға арналған кеңістіктерімен және жүзеге асырылып жатқан жобаларымен танысты. Сондай-ақ кітапхана қорындағы құнды басылымдар мен рухани мұралар туралы мағлұмат алды. Өңірдегі басты мәдени-ағарту орталықтарының бірі саналатын ғылыми-әмбебап кітапхана бүгінде тек оқу орны ретінде емес, елдің тұтастығы мен қоғамдық келісімді, ұлттық ынтымақ пен жауаптылық құндылықтарын дәріптейтін бірегей диалог алаңына айналып отыр.
Қонақтар назарына кітапхана ғимаратының алды мен фойесінде арнайы әзірленген мазмұнды кітап көрмелері мен тақырыптық инсталляциялар ұсынылды. Әрбір көрме мен көркемдік композицияның астарында кітап оқуды насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқырман мәдениетін қалыптастыру идеясы көрініс тапты. Ерекше безендірілген кеңістіктер қонақтардың қызығушылығын оятып, шараның мазмұнын аша түсті. Мұнда қойылған тарихи, әдеби және патриоттық бағыттағы еңбектер келген көрерменге туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық мақтаныш сезімін ұялатуды көздейді.
Сонымен бірге, кездесу барысында мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары саналатын әділдік, сенім, заңға бағыну және мемлекеттік рәміздерге ұқыпты әрі құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді сіңіру, ел тарихы мен руханиятына деген жауапты көзқарасты дамыту – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі.
Кітапханамен танысудан басталған бұл рухани жүздесу «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдайтын ортақ мақсат пен ізгі бастамалардың маңызын айшықтады. Өйткені кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен парасат тоғысқан, ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан, елдегі достық пен татулықты бекемдейтін рухани орталық! Шараға қатысушылар мұндай маңызды жобалардың болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ролі зор екенін атап өтіп, ұлттық руханият пен отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу бағытындағы бастамаларға оң баға берді.




