Бүгін қаладағы Жастар Ресурстық орталығында Халықаралық студенттер күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жастардың басын қосқан тағылымды жиынның басты мақсаты – білім мен қоғамдық өмірде белсенділік танытып жүрген өрендердің еңбегін елеп, жетістіктерін көпшілікке үлгі ету, сондай-ақ, жастар арасындағы азаматтық белсенділікті арттырып, олардың жаңа бастамаларға деген ынтасын қолдау.
Мерекелік шара аясында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі әлеуметтік және жастар бастамаларының жүзеге асуына атсалысып жүрген 40-қа жуық жас арнайы марапатталды. Олардың қатарында білім ордаларында үздік нәтиже көрсетіп қана қоймай, қоғамдық өмірде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұйымдастырушылық қабілетімен, бастамашылдығымен және белсенді азаматтық ұстанымымен танылған студенттер бар.
Студенттік шақ – адамның өміріндегі ең маңызды әрі мазмұнды кезеңдердің бірі. Бұл – білім көкжиегін кеңейтіп, кәсіби бағыт-бағдарын айқындайтын, өмірлік ұстанымы мен азаматтық көзқарасы қалыптасатын уақыт. Сонымен қатар, осы кезеңде жастар жаңа ортаға бейімделіп, түрлі қоғамдық жобаларға қатысу арқылы тәжірибе жинақтайды, өз мүмкіндіктерін сынап, болашаққа нық қадам жасайды. Сондықтан студенттердің тек оқу үлгерімі ғана емес, қоғамдық жұмыстарға араласуы, ел өміріне бейжай қарамауы да ерекше маңызға ие.
Жиында сөз сөйлеген Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Қуаныш Бауыржанұлы студенттерді мерекемен құттықтап, жастардың қоғам дамуындағы орны мен атқарып жүрген еңбегіне тоқталды.
– Бүгінгі шараның басты мақсаты – белсенді жастардың еңбегін елеп, олардың қоғам алдындағы абыройын асқақтату, жетістіктерін өзгелерге үлгі ету және жастар арасындағы азаматтық белсенділікті арттыру. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 400 мыңнан асады. Оның ішінде 150 мыңға жуығы – студент жастар. Осындай қалың топтың арасынан суырылып шығып, қоғамдық өмірге белсене араласып, жастар саясатын қолдауға және қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген 40-қа жуық белсенді жас бүгін арнайы марапатталып отыр, — деді Қуаныш Серікбай.
Оның айтуынша, жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы олардың жеке қабілеттерін шыңдап қана қоймай, жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға да ықпал етеді. Әсіресе, студенттердің әлеуметтік жобаларға, еріктілік қозғалыстарына, мәдени-көпшілік және танымдық іс-шараларға атсалысуы – олардың азаматтық белсенділігін арттырудың маңызды тетігі. Осындай ортада қалыптасқан тәжірибе жас буынның болашақта кәсіби маман ретінде де, қоғамның жауапты мүшесі ретінде де орнығуына жол ашады.
Сондай-ақ, ол жастарға ізгі тілегін арнап, білім жолындағы ізденістері мен бастамаларына сәттілік тіледі.
– Баршаңызды алдағы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!




