Күндіз білім іздеп кітапханамызға келіп, қасиетті кітаппен қауышқан қадірлі оқырман, түн ауа қалалық кітапхана төрінде нағыз жырмен жүздесті! Рухани өмірдің қайнар көзіне айналған, жастардың сүйікті орны – Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көпшіліктің көңілінен шыққан мазмұнды «Түнгі кітапхана» жобасы аясында ерекше тағылымды әрі жарқын шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл жолы қаламыздағы барлық әдебиетсүйер қауым қазақтың бай поэзия әлеміне қадам басып, дарынды жас ақын, «Түркі әлемі» жазушылар одағының мүшесі Нұрасыл Сералиевтің шығармашылығына арналған әсерлі әрі сырлы кештің куәсі болды. Мұндай ерекше форматтағы әдеби шаралар мен кештер жас буынның көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды тереңнен түсінуге жол ашады.
Кеш барысында жас ақынның жүрекке жол табатын сыршыл жырлары мәнерлеп оқылып, қазақ сөзінің сиқырына толы ерекше сәттер өрбіді. Жиналған көрермендер мен оқырмандар ақынның шығармашылық әлеміне қызықты саяхат жасап, туған жердің қадірі, адамгершілік пен ізгілік, туған елімізге деген шексіз сүйіспеншілік тақырыптарындағы жырлардан рух алып, әрбір әсерлі шумақтан терең ой түйді.
Кітапхана төрінде өткен бұл мазмұнды шарада қатысушылар тек жыр тыңдап қана қоймай, өздерін толғандырған өзекті сұрақтарын ортаға салып, ақынмен тікелей сұхбат құруға тамаша мүмкіндік алды. Бұл еркін пікірмалаз форматы жастардың шығармашылыққа деген ықыласын оятып, олардың өнер әлеміне, әдебиетке деген көзқарасын айтарлықтай кеңейте түсті.
Әдебиеттің шын тынысын сезінген әрбір оқырман бұл кештен ерекше рухани әсер алып қайтты. Жас қаламгердің өлеңдері арқылы замандастарының сезімі мен ой-арманы ортақ арнаға тоғысып, рух биігін асқақтатты. Поэзия сүйер қауым мұндай мәдени кештердің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі, олардың ұлттық санасын қалыптастырудағы маңызы ерекше екенін айрықша атап өтті.
Кештің атмосферасы өте шынайы әрі жылы өтті: бірі ақынның әсерлі туындыларын ұйып тыңдаса, енді бірі жаңа шабыт алып, өз әсерлерімен ортақтасты. Өйткені кейде бір шумақ өлең мың сөз жеткізе алмаған асқақ сезімді дәл жеткізе алады. Әдебиетке ынтық жүректерді өзара тоғыстырған бұл тамаша кездесу қатысушылардың барлығына ерекше көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас рухани әсер сыйлады.
Руханиятты жаңғыртқан түнгі кітапхана – жыр мен сырдың мәңгілік мекені!




