Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» бастамасы қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашып келеді. Бүгінде бұл игі бастамаға жасампаз жастармен қатар, елге еңбегі сіңген абыз ардагерлеріміз де белсенді түрде үн қосуда.
Осы орайда Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Атақұлұлы Төлебаев кітапханамызға бірқатар құнды басылымдарды арнайы сыйға тартты. Бұл – кітапқа деген ерекше құрметтің, ұрпақ тәрбиесіне деген жанашырлықтың және руханиятқа деген шынайы ықыластың жарқын көрінісі.
Сыйға тартқан кітаптардың әрқайсысының өзіндік мазмұны, терең философиясы мен үлкен тағылымы бар:
- «Құндылықтар тұғырындағы даму траекториясы» – қоғам дамуының негізі саналатын рухани құндылықтар, елдік мұрат, ұлттық бағдар мен жасампаздық жолындағы ізденістерді тереңнен зерделеуге мүмкіндік беретін іргелі еңбек. Мұндай басылымдар оқырманды ойлануға, ел дамуына қатысты маңызды мәселелерге тереңірек үңілуге жетелейді.
- «Шымкент: Ел есіндегі есімдер» – туған қаланың өсіп-өркендеуіне, оның тарихы мен тағдырына өзіндік үлес қосқан бірегей тұлғаларды ұлықтауға арналған тағылымды басылым. Шымкенттің қоғамдық, мәдени және рухани өмірінде өшпес із қалдырған азаматтардың есімдерін кейінгі ұрпаққа таныту – елдік жадыны жаңғыртудың маңызды жолы. Бұл кітап – туған өлкенің тарихын тұлғалар тағдыры арқылы тануға мүмкіндік беретін құнды еңбек.
Біз үшін мұндай тартулардың орны ерекше. Себебі кітапханаға сыйланған әрбір кітап – оқырманға ұсынылған жаңа мүмкіндік, келер ұрпаққа қалдырылған баға жетпес рухани мұра.
Жастардың ізденіске ұмтылып, аға буын өкілдерінің кітапты насихаттап, кітапхана қорын толықтыруға үлес қосуы – қоғамның сапалы білімге, кітап оқуға бет бұрғанының айқын белгісі. Кітап оқитын ұлт болу – тек кітап сатып алу немесе оқу ғана емес, білімді бағалау, ой-өрісті кеңейту, бай тәжірибені келесі ұрпаққа аманаттап жеткізу.
Кітапханамызға мазмұнды еңбектерді тарту етіп, Мемлекет басшысының бастамасына өз тарапынан үлкен қолдау білдіргені үшін Кенжехан Атақұлұлы Төлебаевқа шынайы алғысымызды білдіреміз!
Кітап сыйлау – ізгілік сыйлау.
Кітап оқу – ұлттың ой-өрісін өсіру.
Кітапхана – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани көпір!
Кітап оқиық, кітап сыйлайық, руханиятты бірге байытайық!



