Президент Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, көлік қатынасын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері көтерілді.
Түркістан облысы географиялық орналасуы жағынан маңызды көлік дәліздерінің бойында орналасқан. Өңір арқылы халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары мен теміржол бағыттары өтеді. Бұл облыстың сауда, өндіріс және логистика орталығы ретінде дамуына мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдету және жол бойындағы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Әсіресе, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарының шекаралық орналасуы логистикалық қызметтерді дамыту үшін маңызды мүмкіндік қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, сұрыптау, қаптау және экспортқа жөнелту орталықтарын көбейту осы әлеуетті тиімді пайдалануға жол ашады.
Алдағы кезеңде заманауи қоймалар, көтерме-тарату орталықтары, көлік сервистері мен жүк терминалдарын дамытуға басымдық беру қажет.
Көлік-логистика инфрақұрылымының дамуы тауар айналымын жеделдетіп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.
Түркістан облысының транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану – өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі.




