



Кәсіпкерлер күніне орай Түркістанда өңірлік «Адал кәсіпкер – 2026» байқауының жеңімпаздары анықталып, кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азамат пен кәсіпорын өкілдеріне марапаттар табысталды. Салтанатты іс-шара Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – адал кәсіпкерлік мәдениетін дәріптеу, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің еңбегін бағалау.
Марапаттау рәсімі аясында кәсіпкерлерге арналған іскерлік кездесу де ұйымдастырылды. Онда «Банк ЦентрКредит» АҚ өкілдері бизнесті қаржыландыру, несие, лизинг және басқа да қаржылық қызметтер туралы ақпарат берді. Сонымен қатар BusinessGO платформасының мүмкіндіктері таныстырылып, кәсіпкерлік қызметті тиімді жүргізуге арналған цифрлық шешімдер ұсынылды.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Адал кәсіпкер – 2026» өңірлік байқауы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бекіткен «Заң және тәртіп» идеологемасын ілгерілету жөніндегі 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары аясында өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты – салық міндеттемелерін уақытылы орындайтын, қызметкерлерінің еңбек құқықтарын сақтайтын, өндірісте қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ететін және бизнесін ашық жүргізетін кәсіпорындарды үлгі ретінде көрсету.
Конкурстық комиссия құрамына Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы, Мемлекеттік кірістер департаменті, Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті және облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының өкілдері кірді. Қатысушылар салық тәртібі, әлеуметтік жауапкершілік, еңбекті қорғау, бизнестің ашықтығы мен іскерлік беделі бойынша бағаланды.
Комиссия шешімімен бес аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.
«Үлгілі салық төлеуші» аталымында Түлкібас ауданындағы «Майлыкент Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жеңімпаз атанды. 2007 жылдан бері сүт өңдеумен айналысатын кәсіпорын ауылда 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Әлеуметтік жауапты бизнес» аталымы Сауран ауданындағы «Ақниет Holding» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігіне берілді. Кәсіпорын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып, мектептерді отандық оқушы парталарымен қамтамасыз етеді.
«Қауіпсіз өндіріс» аталымында Сайрам ауданындағы «Наурыз-5» ЖШС үздік деп танылды. 2001 жылдан бері көкөніс өңдеу саласында жұмыс істейтін кәсіпорын өндірістік процестерді санитариялық нормалар мен стандарттарға сәйкес жүргізеді.
«Ашық бизнес» аталымының жеңімпазы – Сарыағаш ауданындағы «Bah_Asmar» ЖШС. BEREKE маркасымен отандық электр шәйнектерін шығаратын кәсіпорын 100 жұмыс орнын ашқан.
«Үздік шағын бизнес» аталымында Арыс қаласындағы «Арай» өндірістік кооперативі жеңіске жетті. 33 жылдан бері былғары аяқ киім өндіретін кәсіпорын өз өнімдерін Қазақстан мен Ресей нарығына жеткізеді.
Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік статуэткалар табысталды. Сонымен қатар мерекелік шара барысында өңір экономикасының дамуына, кәсіпкерлік ортаның қалыптасуына және бизнестің өркендеуіне үлес қосқан басқа да кәсіпкерлер марапатталды.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкер еңбегін бағалау тек оның өндірген өнімімен немесе табыс көлемімен шектелмеуі керектігін атап өтті.
«Кәсіпкерлік – өңір экономикасының тірегі. Кәсіпорын ашып, жұмыс орындарын құру, салықты уақытылы төлеу, қызметкерлердің құқығын қорғау және тұтынушы алдындағы жауапкершілікті сезіну – мұның бәрі бизнестің қоғам алдындағы міндетінің бір бөлігі. Адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер елдің экономикалық тұрақтылығына да, халықтың әл-ауқатына да нақты үлес қосып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында да экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану және нақты нәтижеге басымдық беру мәселелері қозғалды. Бүгінгі таңда бизнес үшін қаржылық қолжетімділікпен қатар, жаңа технологияларды игеру, өнімділікті арттыру және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту маңызды.
Біздің міндетіміз – кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау, олардың мәселелерін шешуге ықпал ету және адал еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды кеңінен таныту. «Адал кәсіпкер» байқауы осы бағыттағы маңызды қадам деп есептеймін. Мұндай бастамалар кәсіпкерлер арасында жауапкершілік пен сенім мәдениетін нығайтуға ықпал етеді», – деді Асылан Ибадуллаев.
Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында көтерілген цифрлық экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттары іскерлік кездесудің мазмұнымен де үндес болды. Қаржылық құралдар мен цифрлық платформаларды таныстыру кәсіпкерлерге бизнесті басқарудың жаңа тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру, кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру және өңірдегі табысты тәжірибелерді тарату бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Ал «Адал кәсіпкер» байқауы адал еңбек пен жауапты бизнесті дәріптейтін тұрақты бастамаға айналмақ.





