Құрметті отандастар! Ардақты ағайын, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді еліміздің көпғасырлық тарихында айрықша орны бар, мемлекеттілігіміздің алтын діңгегі саналатын ұлттық мереке – 25 қазан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – халқымыздың азаттық пен бостандыққа деген асқақ арманын айқындаған, суверенитетіміз бен тәуелсіз мемлекеттілігіміздің берік негізін нығайтқан тарихи ұлы күн. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация – Қазақстанның дербес, елдігі терең, саяси жүйесі айқын мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы ең маңызды әрі тарихи белес болды. Сонымен бірге, бұл тарихи құжат еліміздің ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жол ашты. Сондықтан да бұл мерекенің ұлттық сана-сезіміміз бен рухани өміріміздегі мәні мен маңызы кез келген қазақстандық үшін ерекше ыстық әрі маңызды.
Отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен патриоттық сезім – туған жерге, оның бай тарихына құрметпен қараудан, туған ана тілімізді ардақтаудан, ұлттық мәдениетіміз пен рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтаудан басталады. Сондай-ақ, ол ел игілігі мен жарқын болашағы жолындағы адал әрі жасампаз еңбекпен өлшенеді. Еліміздің ең басты әрі баға жетпес байлығы – бірлігі мен ынтымағы жарасқан, достық пен өзара сыйластықты ту еткен бейбіт халқы, сонымен қатар жарқын болашаққа деген берік сенімі.
Бүгінгі таңда елімізде қоғамдық келісімді, этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы өзара түсіністік пен жанашырлықты нығайту – баршамызға ортақ азаматтық міндет. Әрбір тұрғынның ел дамуына қосқан айтулы үлесі, оның жоғары жауапкершілігі мен отансүйгіштік ұстанымы Қазақстанның келешегін, оның халықаралық аренадағы беделі мен абыройын айқындайды.
Әсіресе, Шымкент сияқты тоғыз жолдың торабында орналасқан, мейірім мен қонақжайлықтың, руханият пен ынтымақтың мекені саналатын республикалық маңызы бар қалада бұл құндылықтардың орны ерекше. Ақпарат саласының өкілдері ретінде ел ішіндегі татулықты, достық пен бірлікті дәріптеу, игі бастамаларды кеңінен насихаттау, қоғамға шынайы, сапалы әрі маңызды ақпарат жеткізу арқылы мемлекетіміздің дамуына үлес қосу – бұл біз үшін үлкен жауапкершілік әрі абыройлы міндет.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, бірлігіміз мәңгі бекем болуы үшін әрқайсымыз ел тағдырына, қоғамдық тәртіпке бейжай қарамай, ортақ құндылықтарымызды бағалай білуіміз керек. Өйткені Отанымыз – Қазақстанның өркендеуі баршамызға ортақ биік мақсат, ал оның болашағы – бүгінгі ынтымағымыз пен ортақ еңбегіміздің нәтижесі.
Осы айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық мен құт-береке, қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін! Әрбір шаңырақта шаттық пен қуаныш орнап, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құра берсін. Мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталып, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Шакирбек Давранбекович Умаров,
Шымкент қаласы «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшесі






