Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жастардың қатысуымен қоғамдық келісім, діни сауаттылық және өзара түсіністік құндылықтарын насихаттауға бағытталған кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың маңызын түсіндіру, сондай-ақ жастар арасында өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесуге Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Әбдіманап Нұрхан, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Аббас Шамирзаев және «Жастар орталығы» КММ қызметкері Лаура Құрманғазы қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға діни сауаттылықтың маңызы, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, ақпаратты саралай білу және қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау мәселелері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жастар арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, өзара диалог орнату және медиацияның қоғамдық қатынастардағы рөлі туралы сөз қозғалды.
Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесу қатысушылардың қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі түсінігін кеңейтіп, жауапкершілік пен өзара құрмет қағидаттарының маңызын айқындады.
Кездесу барысында жастардың ақпараттық кеңістікте кездесетін түрлі мәліметтерге сын көзбен қарап, олардың шынайылығын тексеру дағдысын қалыптастыру қажеттігіне де назар аударылды. Әсіресе әлеуметтік желілерде таралатын діни мазмұндағы ақпараттарды дұрыс бағалау, күмәнді дереккөздерге сенбеу және қажетті жағдайда білікті мамандардан кеңес алу мәселелері маңызды екені айтылды.
Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Әртүрлі көзқарастағы адамдардың бір-бірін құрметтеуі, пікір қайшылығын мәдениетті түрде талқылауы және ортақ шешімге келе білуі қоғамдағы сенімді нығайтады. Бұл қағидаттар әсіресе жас буынның азаматтық ұстанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Медиацияның мүмкіндіктері туралы әңгіме барысында туындаған дауларды өзара келісім арқылы шешудің тиімділігі түсіндірілді. Кәсіби медиатордың қатысуымен тараптар бір-бірінің ұстанымын тыңдап, жанжалды ушықтырмай, ортақ мәмілеге келуге мүмкіндік алады. Мұндай тәсіл өзара түсіністікті арттырып, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осындай кездесулер жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, өзекті мәселелер бойынша сауатты шешім қабылдауына және айналасындағылармен сыйластық қарым-қатынас орнатуына бағытталған. Жастардың білімін жетілдіру мен азаматтық жауапкершілігін арттыру қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі болып саналады.





