Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаламыздың дамуына елеулі үлес қосқан ардақты аға буын өкілдерінің шаңырақтарына арнайы барып, мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Шымкент шаһарының басшысы еңбек ардагерлері Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовтің үйлерінде болып, арнайы ізет білдірді.
Еркін әрі жылы форматында өткен бұл салтанатты кездесулерде қарияларымыз өткен күннің жарқын естеліктерімен бөлісіп, саналы ғұмырындағы еңбек жолдары мен отбасылық өнегелі дәстүрлері туралы сыр шертті. Қала әкімі ардагерлердің көп жылғы адал еңбегі мен Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі үшін ерекше алғысын білдірді. Сонымен қатар, ардақты қарияларымызға арнайы естелік сыйлықтар табыс етіп, оларға зор денсаулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр, шаңырақтарына бақ-береке мен жан тыныштығын тіледі.
Үлкенге құрмет көрсету, аға буынның мол өмірлік тәжірибесі мен ақыл-парасатын қадірлеу – халқымыздың сүйегіне сіңген асыл рухани құндылықтардың бірі. Бүгінде үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Мемлекет тарапынан аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыруға, олардың денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және белсенді өмір салтын ұстануына бағытталған жүйелі де ауқымды әлеуметтік қолдау шаралары үздіксіз жүзеге асырылып келеді.
Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Шымкент қаласында жасы 70-тен асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК мөлшерінде біржолғы арнайы қаржылай көмек көрсетілді. Мұнымен қоса, жасы 80-нен асқан жалғызбасты 101 қарияға ай сайын 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлемдер тұрақты түрде беріледі.
Қариялардың денсаулығын сақтау мен оларды сауықтыру бағыты да басты назарда. Биыл санаторий-курорттық жолдамалармен 8 735 адамды қамту жоспарланып, қазіргі таңда соның 5 090-ы сапалы емдеу-сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, қаладағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының төрт бөлімшесінде күн сайын 800-ден астам зейнеткер түрлі қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Олар үшін спорттық, шығармашылық, қолөнер және сауықтыру бағытындағы арнайы сабақтар жүйелі түрде ұйымдастырылған.
Оған қоса, Шымкентте жасы 70-тен асқан барлық тұрғындар қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, қарияларымыздың бос уақытын тиімді әрі рухани бай етіп өткізуі үшін қаламыздағы театрларға, музейлерге, хайуанаттар бағына және заманауи дендросаябаққа тегін бару мүмкіндіктері толық қарастырылған.


