25 қазан – Республика күні халқымыздың тарихындағы айрықша маңызға ие ұлттық мереке. Бұл күн – еліміздің мемлекеттілік жолындағы маңызды қадамын айқындап, тәуелсіздікке деген ұмтылысын бүкіл әлемге танытқан тарихи белестің символы.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Аталған тарихи құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, елдің саяси және құқықтық дамуына жаңа бағыт берді. Сондықтан Республика күні – өткенімізді бағамдап, бүгінгі жетістіктерімізді саралап, болашаққа сеніммен қарайтын ерекше күн.
Мемлекеттің басты байлығы – оның халқы, ал елдің өркендеуі қоғамдық келісімге, тұрақтылыққа және заң үстемдігіне тікелей байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамда әділдік қағидаттарын орнықтыру және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайту маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Осы тұрғыдан алғанда, сот жүйесінің қоғам өміріндегі орны ерекше. Сот төрелігінің әділ әрі заң талаптарына сай жүзеге асырылуы – құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Заң үстемдігі қамтамасыз етілген қоғамда азаматтардың құқықтары қорғалып, әділеттілік қағидаттары берік орнығады. Ал сот жүйесінде қызмет атқаратын әрбір маман өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, заңдылық пен тәртіпті нығайтуға үлес қосуы тиіс.
Сот әкімшілігі қызметкерлерінің де бұл бағыттағы еңбегі зор. Сот жұмысының сапалы ұйымдастырылуы, азаматтардың өтініштері мен сұраныстарына уақытылы назар аудару, сот қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететін маңызды міндеттер.
Республика күні бізге тәуелсіздіктің қадірін, ел бірлігінің маңызын және Отан алдындағы жауапкершілікті тағы бір мәрте сезіндіреді. Әрбір азаматтың адал еңбегі, кәсіби біліктілігі мен ел болашағына деген жанашырлығы Қазақстанның дамуына қосылған үлес болып табылады.
Бүгінде біз үшін ең қымбат құндылықтар – бейбітшілік, тұрақтылық, бірлік пен тәуелсіздік. Осы құндылықтарды сақтау және келер ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет.
Ұлттық мереке қарсаңында елімізге өркендеу, халқымызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, мемлекетіміздің мерейі үстем болсын!
Республика күні құтты болсын!
Г.ЖУМАКУЛОВА,Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маманы.






