Мемлекеттің беріктігі мен қоғамның тұрақтылығы ең алдымен заң үстемдігіне, әділдік қағидаттарының сақталуына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына байланысты. Ал осы құндылықтардың жүзеге асуына кепіл болатын маңызды институттардың бірі — сот жүйесі. Сондықтан соттың абыройы мен беделі мемлекеттің абыройымен, оның құқықтық мәдениетімен және қоғам алдындағы жауапкершілігімен тікелей байланысты.
Сот — тек дауларды шешетін немесе заң бұзушылықтарға құқықтық баға беретін орган ғана емес. Ол — әділдік пен заңдылықтың салтанат құруына қызмет ететін, әрбір азаматтың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған маңызды мемлекеттік институт. Сот қабылдаған әрбір шешімнің артында адам тағдыры, қоғамның сенімі және заңның талабы тұрады. Осы тұрғыдан алғанда, сот төрелігін жүзеге асыру үлкен кәсіби біліктілікті ғана емес, биік адамгершілік қасиетті, адалдықты және жауапкершілікті талап етеді.
Судьяның басты міндеті — заңға сүйене отырып, істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті қарау, тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету. Сот шешімі қандай жағдайда да заңдылық пен әділдік қағидаттарына негізделуі тиіс. Судьяның тәуелсіздігі, бейтараптығы және ішкі сеніміне сүйенген заңды ұстанымы — сот төрелігінің сапасын айқындайтын негізгі өлшемдер.
Соттың беделі оның атағымен немесе мәртебесімен ғана өлшенбейді. Ол ең алдымен қабылданған сот актілерінің заңдылығынан, судьялардың кәсіби мәдениетінен, сот процесіне қатысушыларға деген құрметтен және әрбір істі әділ қарауға деген адал ұстанымнан көрінеді. Сотқа жүгінген әрбір азамат өзін тыңдайтын, құқығын қорғайтын және заң алдында барлығы тең екенін сезінетін ортаға тап болуы керек. Осындай сенім қалыптасқан кезде ғана соттың қоғамдағы орны нығая түседі.
Әскери сот жүйесінде бұл міндеттердің өзіндік ерекшелігі бар. Әскери қызмет — жоғары тәртіпті, жауапкершілікті және заң талаптарын мүлтіксіз орындауды қажет ететін ерекше қызмет саласы. Осыған орай, әскери соттар заңда белгіленген құзыреті шегінде әскери қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құқықтық дауларды шешуге және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге үлес қосады. Әскери сот төрелігін жүзеге асыру барысында заң талаптарын қатаң сақтау мен әрбір істің мән-жайына әділ баға беру айрықша маңызға ие.
Сонымен қатар сот беделін сақтау — тек судьялардың ғана емес, сот жүйесінде қызмет атқаратын барлық маманның ортақ міндеті. Сот отырысының ұйымдастырылуы, азаматтармен қарым-қатынас жасау мәдениеті, іс жүргізу тәртібінің сақталуы және сот қызметінің ашықтығы қоғамның сот жүйесі туралы түсінігіне әсер етеді. Сондықтан кәсібилік пен әдептілік, жауапкершілік пен адалдық сот қызметінің ажырамас бөлігі болуы қажет.
Құқықтық мемлекет құру жолында сотқа деген сенімнің орны ерекше. Бұл сенім заңның үстемдігі нақты іспен дәлелденгенде, әрбір азаматтың құқығы бірдей қорғалғанда және сот төрелігіне қандай да бір сыртқы ықпалдың әсер етуіне жол берілмегенде қалыптасады. Соттың тәуелсіздігін құрметтеу, заң талаптарын сақтау және сот актілеріне заңда көзделген тәртіппен баға беру — құқықтық мәдениеттің маңызды көрінісі.
Қорыта айтқанда, соттың абыройы — судьяның жеке жауапкершілігінен басталып, бүкіл мемлекеттік жүйенің беделімен сабақтасатын ұғым. Заңға адалдық, әділдікке беріктік және адам құқығына құрмет — сот төрелігінің негізгі тірегі. Әрбір іс заң аясында әділ қаралып, әрбір шешім заң талаптарына сай қабылданған сайын қоғамның сотқа деген сенімі де нығая түседі.
Өйткені соттың абыройын сақтау — әділдікті сақтау, ал әділдікті сақтау — мемлекет абыройын асқақтату.
Жәмила ТУЛЕНОВА,
Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы.






