Қалалық Достық үйінде 1 қазан – Қарттар күніне орай Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және этномәдени бірлестіктер төрағаларының ұйымдастыруымен қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға өз үлесін қосқан ардагерлерге құрмет көрсету шарасы өтті.
Іс-шара барысында ұзақ жылдар бойы қоғамдық және этномәдени бағытта қызмет атқарған Ақбердиева Сайма Нәжіпқызы мен Бахман Иосиф Владимировичке құрмет көрсетілді.
Шара барысында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға қосқан үлестері үшін Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Пармановтың атынан Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ арнайы сый-сияпаттар ұсынылды.
Айта кетейік, Ақбердиева Сайма Нәжіпқызы еңбек жолын мемлекеттік қызмет саласында бастап, әр жылдары облыстық және қалалық деңгейдегі жауапты қызметтер атқарды. 2011–2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы қызметін атқарып, этномәдени бірлестіктердің дамуына, қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуға бағытталған жұмыстарға белсенді үлес қосты. Ал Бахман Иосиф Владимирович еңбек жолын өндірістік және көлік салаларында бастап, кейін қоғамдық қызметке араласты. 1996 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігіне жетекшілік етіп, этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға, жастармен мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізуге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуге атсалысты.
Құрмет көрсету шарасы барысында ардагерлердің қоғамдық өмірдегі белсенділігі мен көп жылдық еңбегінің маңызы атап өтілді. Олардың әр кезеңдегі қызметі түрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністігін арттыруға, мәдени байланыстарды нығайтуға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Осындай азаматтардың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы кейінгі буын үшін маңызды өнеге болып табылады.
Қарттар күні – аға буын өкілдеріне құрмет білдіріп, олардың қоғам дамуына қосқан еңбегін бағалайтын ерекше күн. Шымкентте қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға атсалысып жүрген ардагерлердің еңбегін атап өту – олардың ұзақ жылғы қызметіне көрсетілген лайықты құрметтің бір көрінісі.
Ардагерлер өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, этносаралық татулық пен қоғамдық келісім бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Олар жастарға үлкенді сыйлау, өзара құрмет пен бірлікті сақтау құндылықтарын насихаттаудың маңызын атап өтті.
Мұндай кездесулер аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайтып, қоғамдық келісімнің қалыптасуына үлес қосқан азаматтардың тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Қалалық Достық үйі алаңында түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін бастамалармен қатар, қоғам өміріне белсенді араласқан ардагерлерді ұлықтауға бағытталған шаралар да тұрақты ұйымдастырылып келеді.




