

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес кәсіпорны — «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС Шымкенттегі қоймасының ресми ашылу рәсімін өткізді. Логистикалық нысан еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі отандық қайта өңдеушілерді полипропиленмен қамтамасыз етуге және өнімді сақтауға арналған.
Іс-шараға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев пен Салалық даму және инвестициялық даму бөлімінің сарапшысы Абай Бақытжан қатысты. Кездесу барысында өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету, өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуі және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері талқыланды. Шымкенттегі жаңа қойманың іске қосылуы Түркістан облысы кәсіпкерлерінің де KPI өнімін алуға қолжетімділігін арттырып, шикізатты жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Шымкенттегі қойма биыл ақпан айынан бері тесттік режимде жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін өңдеуші кәсіпорындарға 3 800 тонна полипропилен жөнелтілген. Қоймада бір мезетте 1 000 тоннаға дейін өнім сақтауға болады.
— Біздің міндетіміз — клиенттерді сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, қажетті көлемді уақытында жеткізу. Шымкенттегі қойманың іске қосылуы оңтүстік өңірдегі қайта өңдеушілер үшін KPI полипропиленінің қолжетімділігін арттырып, жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл клиенттерге өндірісін тұрақты жоспарлап, логистикалық шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді, — деді KPI өкілдері.
Қойманың ресми ашылу рәсімі аясында KPI-дың тұрақты клиенттеріне, оның ішінде Bal Carpet, Marvik Partners және басқа да кәсіпорындарға өнім жөнелтілді.
Отандық өңдеуші кәсіпорындарға полипропилен жеткізу көлемі артып келеді. Осыған байланысты KPI компаниясы қойма инфрақұрылымын да кеңейтуде. 2026 жылдың сегіз айында ішкі нарыққа полипропилен жөнелту көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға өскен.
KPI өнімін қайта өңдейтін кәсіпорындар саны 2025 жылдың басындағы 105 кәсіпорыннан 2026 жылы 180-ге жетті. Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы өңірлік қоймалар арқылы өнім жөнелту көлемі де үш еседен астам артқан. Биылғы сегіз айда бұл көрсеткіш 3,68 мың тоннадан 13,55 мың тоннаға дейін өсті.
Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар KPI полипропиленін құрылыс материалдарын, медициналық бұйымдарды, агротекстиль, кілем және басқа да өнім түрлерін өндіруде пайдаланады. Отандық полимер шикізаты бұған дейін импорттық жеткізілімдерге тәуелді болған жаңа өндірістерде де қолданылып келеді.
KPI өнім қатарында азық-түлік өнімдеріне арналған қаптама мен гигиеналық мақсаттағы тауарларды өндіруге қолданылатын полипропилен маркалары бар. Компания жаңа маркаларды шығару арқылы өнім қатарын кеңейтуде. Қазіргі уақытта 17 марка өндіріледі.
KPI іске қосылғаннан кейін Қазақстанның полипропилен бойынша ішкі нарығының құрылымы да айтарлықтай өзгерді. 2022 жылдан бері полипропилен бойынша импортқа тәуелділік 63%-дан 4%-ға дейін төмендесе, KPI өнімінің үлесі 2%-дан 80%-ға дейін өскен.
Газ-химия кешені ішкі нарықтың полипропиленге деген қажеттілігін едәуір көлемде қамтамасыз етіп, полимерлерді қайта өңдеу саласындағы шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып отыр. Бұл ретте өңірлік қоймалардың ашылуы шикізаттың кәсіпорындарға жақын орналасуын қамтамасыз етіп, оңтүстік өңірдегі өндіріс орындарының логистикалық шығындарын азайтуға ықпал етеді.






