



Түркістан облысы Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай Ақсу шатқалында көру алаңы ашылды. Мақсаты – Ақсу құз шатқалының табиғи байлығын кеңінен таныту, экологиялық туризмді дамыту және туған өлкенің көркем табиғатын насихаттау.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, табиғи аумақтарды қорғау мен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл – тек жаңа туристік нысан ғана емес, табиғат пен адам баласының үндестігін көрсететін, туған жердің сұлулығына тағзым ететін ерекше орын. Көру алаңы туристерге, ғалымдар мен жастарға Ақсу шатқалының әсем табиғатын қауіпсіз әрі заманауи жағдайда тамашалауға мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорын 2000-2021 жылдары басқарған ардагер Айтбек Меңлібеков сөз сөйлеп, қорықтың қалыптасу тарихы мен табиғи мұраны сақтаудың маңызы жөнінде ой бөлісті.
Жаңа бақылау алаңы келушілерге Ақсу құз – шатқалының көркем табиғатын тамашалап, оның геологиялық ерекшеліктері мен биоалуантүрлілігі туралы мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұнда танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, келушілер қорықтың табиғатты қорғау бағытындағы қызметімен таныса алады.
Ақсу шатқалы – 1926 жылы құрылған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының көрікті нысандарының бірі. Қорықтың 100 жылдығы аясында табиғи мұраны кеңінен таныту және экологиялық туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.
Іс-шара соңында қонақтар жаңа көру алаңын аралап, Ақсу құз-шатқалы бойында ұйымдастырылған танымдық экскурсияға қатысты.
Жаңа нысан Ақсу шатқалының туристік тартымдылығын арттырып, табиғат жанашырлары мен туристер үшін көрікті демалыс орындарының біріне айналмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі






