Шымкент қаласында жастар арасында этносаясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың зиянды әсерінің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың маңызын терең түсінуіне ықпал ету, азаматтық жауапкершілігін арттыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған құндылықтарды кеңінен насихаттау. Сонымен қатар жастарға діни мәселелер бойынша дұрыс ақпарат алудың, кез келген мәліметке сыни көзқараспен қараудың және күмәнді ақпарат көздерінен сақ болудың маңызы түсіндірілді.
Кездесу барысында жастарға этносаясаттың басым бағыттары, қоғамдағы татулық пен өзара түсіністіктің маңызы, сондай-ақ діни сауаттылықты арттыру және деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелері түсіндірілді. Мамандар Қазақстан қоғамындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі – әр азаматтың өзара құрметі мен жауапкершілігі екенін атап өтті.
Іс-шараға Жастар ресурстық орталығының аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Қармантай Нұржақсын, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесі төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Каршибаева Жұлдыз, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Әбдіманап Нұрхан қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру, жат діни идеологиялардың алдын алу бағыттары бойынша маңызды ақпараттар ұсынды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандарға сұрақ қойып, нақты жауаптар алды.
Медиация саласының маманы қоғамдағы түрлі түсініспеушіліктер мен даулы жағдайларды бейбіт жолмен шешудің маңызына тоқталды. Өзара тыңдау, сабырлылық таныту және қарсы тараптың пікіріне құрметпен қарау кез келген қоғамдық ортада келісім орнатуға ықпал ететіні айтылды. Бұл ретте жастардың жанжалдың алдын алу мәдениетін меңгеруі де маңызды екені атап өтілді.
Теолог маман өз кезегінде діни сауаттылықтың адамның дұрыс шешім қабылдауына әсер ететінін түсіндірді. Әлеуметтік желілерде тарайтын діни мазмұндағы ақпараттарды талдау кезінде сақтық танытып, сенімсіз дереккөздерге ермеу қажеттігі ескертілді. Жастарға деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардың адам санасына кері ықпалы туралы түсінік берілді.
Кездесу соңында жастарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға, заң талаптарын сақтауға, өз құқықтары мен міндеттерін білуге және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға үлес қосуға шақырды. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, түрлі теріс идеологиялық ықпалдарға қарсы тұру қабілетін арттыруға бағытталған.




