Индустриалды-техникалық колледжінде Отбасы күніне орай іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінің «Көркем әжелер» тобының мүшелері – Атенова Тәттігүл, Мукашева Забира, Еркінбекова Рабиға және Жуманова Сырға қатысты.
Іс-шара барысында отбасы құндылықтарын сақтау және нығайту, отбасындағы тәрбие, үлкенді құрметтеу, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қатысушылар отбасының адам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, берік отбасы – қоғам тұрақтылығының негізі екеніне тоқталды. Әсіресе жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауы, өзара сыйластық пен түсіністікті бағалауы маңызды екені айтылды.
«Көркем әжелер» тобының мүшелері жастармен пікір алмасып, отбасы тәрбиесінің маңызы жөнінде ой-пікірлерін білдіріп, өмірлік тәжірибелері негізінде тағылымды кеңестерін жеткізді. Әжелер өз сөздерінде бала тәрбиесінде мейірім мен талаптың, үлкеннің өнегесі мен ақыл-кеңесінің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар отбасындағы әр адамның бір-біріне деген құрметі мен қолдауы шаңырақтың берекесін арттыратыны жөнінде ой бөлісті.
Кездесу барысында ұлттық тәрбиенің ерекшеліктеріне де ерекше назар аударылды. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, ата-ананы қадірлеу, туған-туыспен аралас-құраластықты сақтау секілді құндылықтардың ұрпақ тәрбиесінде алатын орны зор екені айтылды. Осындай дәстүрлерді жас буынның бойына сіңіру арқылы ұлттық болмыс пен рухани сабақтастықты сақтауға мүмкіндік мол.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбие негіздерін қалыптастыру, үлкенге құрмет көрсету мәдениетін дәріптеу және ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту. Бұл бағыттағы кездесулер жастарға отбасы ұғымының мәнін терең түсінуге, болашаққа жауапкершілікпен қарауға және ұлттық құндылықтарды бағалауға ықпал етеді.
Іс-шара барысында қатысушылар тарапынан отбасы институтын нығайтуға және жастар тәрбиесіне қатысты пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өмірлік тәжірибесі мол аға буын өкілдерімен еркін пікір алмасты. Мұндай ашық форматтағы кездесулер әр буын арасындағы байланысты күшейтіп, жастарға өнегелі әңгімелер арқылы дұрыс бағыт-бағдар береді.
Кездесу соңында отбасы – тәрбие мен адамгершіліктің алғашқы мектебі екені атап өтілді. Отбасындағы жылылық, өзара түсіністік пен сыйластықты сақтау – әр адамның ортақ міндеті. Осындай құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, өнегелі әрі жауапты ұрпақ қалыптастыруға жол ашады.



