Алматыдағы №15 мектеп-гимназияда ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбековтың қатысуымен оқушылардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және жас ұрпақты ерлікке тәрбиелеу мақсатында «Ерлік пен елдік – ұрпаққа аманат» тақырыбында Ерлік сабағы өтті.
Кездесу барысында оқушылармен отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік, ел қауіпсіздігі және сын сағатта батыл шешім қабылдай білу жөнінде тағылымды әңгіме өрбіді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезіну мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ бейбіт күнде ел тыныштығын күзетіп, төтенше жағдайларда батылдық пен ерліктің үлгісін көрсеткен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің өнегелі істері сөз болды.
Оқушыларға сөз арнаған генерал-майор Сакентай Шекарбеков тұлғалық қасиет пен азаматтық жауапкершіліктің негізі мектеп қабырғасында қаланатынын атап өтті.
— Бүгін сіздер мектеп партасында отырсыздар. Дәл осы кезеңде болашақ азаматтың мінезі мен жауапкершілігі қалыптасады. Қай мамандықты таңдасаңыздар да, Отанға қызмет етудің басты шарты – өз ісіңді адал атқарып, еліңе пайда келтіру. Білім алудан шаршамаңыздар, қиындықтан қорықпаңыздар, алдарыңызға үлкен мақсат қоя біліңіздер. Өйткені елдің ең үлкен күші – білімді, тәртіпті, жауапты және Отанын сүйетін азаматтар. Сіздер – Қазақстанның болашағысыздар! — деді генерал-майор Сакентай Шекарбеков.
Сабақтың басты кейіпкерлері – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері, майор Жандос Баянбаев пен аға сержант Өркен Мәжіт. Олар әскери қызмет барысында өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, батылдығы мен қайсарлығын, әскери борышына адалдығын талай мәрте дәлелдеген.
Сабақ барысында оқушылар ерлік, Отан алдындағы борыш, жауапкершілік, батылдық, қайсарлық және тәртіп секілді қасиеттер жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар оларға майор Жандос Баянбаев пен аға сержант Өркен Мәжіттің әскери қызмет жолы мен азаматтық батылдығы туралы бейнеролик көрсетілді.
Кездесу соңында қолбасшы генерал-майор Сакентай Шекарбеков іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мұрындық болған ұстаздар мен білімде, қоғамдық жұмыстарда үздік нәтижелерімен көзге түскен оқушыларды Алғыс хатпен марапаттады.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы сотталғандарды тасымалдау кезінде Жандос Баянбаев қарулы қылмыскерге қарсы тұрып, үш жерінен жараланғанына қарамастан, оның шабуылын тоқтатқан болатын. Ал 2024 жылы Алматы қаласында Өркен Мәжіт бейбіт тұрғынға жасалған қастандықтың жолын кесіп, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Жандос Баянбаев IIІ дәрежелі «Айбын» орденімен, Өркен Мәжіт «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің ерлік жолы – жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін өмірлік өнеге. Батырлардың ерлігі – ел жадында, ал олардың өнегесі – келер ұрпаққа аманат.




