Шымкентте туризм саласына серпін беретін жаңа жоба іске қосылды. Еңбекші ауданындағы Маятас тұрғын алабында, Бадам су қоймасының жағалауында O’MIR Shymkent эко-демалыс кешенінің таныстырылымы өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
O’MIR Shymkent – Каспий жағалауында жұмыс істейтін O’MIR Glamping желісінің Шымкенттегі жаңа жобасы. Жалпы аумағы 74 гектарды құрайтын кешенге шамамен 9 млрд теңге инвестиция тартылған. Мұнда 48 глэмпинг, 18 капсулалық және 24 модульдік үй, мейрамхана, монша, спорт алаңы мен амфитеатр орналасады.
Жобаның негізін қалаушы Жанна Найзабекованың айтуынша, кешен табиғатты сақтай отырып, келушілерге жайлы демалыс ұсынуға бағытталған.
Жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа нысан Бадам су қоймасының туристік әлеуетін арттырып, қаладағы ішкі туризм инфрақұрылымын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.



