Қазақстан Республикасында саяси жүйені жаңғырту мен мемлекеттік басқару институттарын жетілдіруге бағытталған реформалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Елдің саяси дамуында халық өкілдігін арттыру, азаматтардың мемлекеттік істерді басқаруға қатысуын қамтамасыз ету — тұрақтылық пен демократиялық қағидаттарды орнықтырудың берік негізі. Осы орайда, Шымкент мегаполисінде өтіп жатқан саяси науқандар кезеңінде өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері мен қоғамдық белсенділер жоғары ұйымшылдық танытуда.
Атап айтқанда, Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенділері сайлау учаскесіне барып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланды. Бірлестік өкілдері саяси процесстен тыс қалмай, саяси науқанда дауыс беру арқылы айқын азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Бұл шараның өзіндік басты ерекшелігі — этномәдени бірлестік мүшелерінің сайлау учаскесіне өздерінің дәстүрлі ұлттық киімдерін киіп келуі болды. Ұлттық нақыштағы киіммен келу — тек мерекелік көңіл-күйдің белгісі ғана емес, сонымен бірге елдегі бейбітшілік пен достыққа, мемлекеттік саяси оқиғаларға, сондай-ақ Қазақстан халқының мәдени әртүрлілігіне деген терең құрметтің көрінісі.
Қазақстан – жүзден астам этнос өкілдері өзара сыйластық пен татулықта өмір сүріп жатқан бірегей бейбітшілік мекені. Осындай қоғамдық келісімді, достық пен тұрақтылықты сақтауда этномәдени бірлестіктердің атқаратын ролі ерекше. Түрлі этнос өкілдерінің ортақ азаматтық мақсаттар аясында бас қосып, саяси науқандарға біркісідей қатысуы Шымкент қаласындағы этносаралық ауызбіршіліктің, ынтымақтастық пен қоғамдық келісімнің мызғымас діңгек екенін тағы бір мәрте айғақтады.
Сайлау үдерісіне қатысқан татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенділері елде жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтіп, әрбір азаматтың таңдауы елдің тұрақты дамуына оң әсер ететінін білдірді. Мұндай оң қадамдар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, жас ұрпақты отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Түйіндей айтқанда, Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі белсенділерінің дауыс беруге белсене қатысуы — мегаполистегі қоғамдық келісімнің, жоғары саяси мәдениеттің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі болды. Осындай бірізді қадамдар еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуіне, «өркендеген мемлекет» құру жолындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізуге зор үлес қосады.





