Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Базарқақпа тұрғын алабында тұрғындармен кездесу өткізді.
Басқосу барысында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау, тұрғындар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және түсініспеушіліктердің алдын алу мәселелері талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындар арасында бірлік пен ынтымақтастық құндылықтарын кеңінен насихаттап, қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.
Кездесуге Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім эксперті Нұржан Кеңесұлы Әбдікәрім, қалалық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, қалалық Еңбекші аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Мырзахметов қатысып, этносаралық татулықты нығайту, қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуының маңызы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені айтылды. Тұрғындардың бір-біріне құрметпен қарауы, өзара түсіністік танытуы және кез келген мәселені сабырмен, келісім арқылы шешуі қоғамдық ахуалдың тұрақты болуына оң ықпал ететіні атап өтілді. Сонымен бірге араздық пен түсініспеушілікке жол бермеу, түрлі пікірлерге құрметпен қарау және ортақ мүдде жолында бірлесе әрекет ету қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытудағы рөліне тоқталып, тұрғындар арасында туындауы мүмкін келіспеушіліктердің алдын алу және оларды бейбіт жолмен шешудің маңызы атап өтілді. Этномәдени бірлестіктердің түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсаттарға жұмылдырып, мәдени құндылықтарды дәріптеуге, достық қарым-қатынасты нығайтуға және қоғамдық келісімді дамытуға қосып отырған үлесі жөнінде пікірлер айтылды.
Жиын барысында отбасы тәрбиесі мен өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берудің де маңыздылығы сөз болды. Жастар арасында достық, өзара сыйластық, отансүйгіштік және жауапкершілік секілді құндылықтарды қалыптастыру қоғамның болашағы үшін маңызды екені атап өтілді. Тұрғындарға қоғамдық ортада мәдениетті қарым-қатынас жасау, көршілермен тату болу және ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге ұмтылу жөнінде ұсыныстар берілді.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Мамандар көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме беріп, қоғамдық татулықты сақтау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады. Ашық форматта өткен кездесу тұрғындар мен мамандар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік беріп, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған ұсыныстармен жалғасты.
Жиын соңында қатысушылар қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау – елдің тұрақты дамуының маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтті. Бейбітшілік пен береке әр азаматтың күнделікті іс-әрекетінен, өзара құрметі мен түсіністігінен басталатыны айтылып, ынтымақты сақтау баршаға ортақ міндет екені жеткізілді.



