Шымкент қаласының Абдулабад тұрғын алабында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Жиын барысында қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыру, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ түрлі түсініспеушіліктердің алдын алу мәселелері талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындар арасында қоғамдық келісім құндылықтарын кеңінен насихаттап, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіру.
Кездесуде ақпараттық кеңістіктегі тұрақтылықты сақтау, діни мәселелерге қатысты сауатты көзқарас қалыптастыру және қоғамдағы өзара жауапкершілікті күшейту жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар тұрғындарға кез келген ақпаратқа сыни тұрғыдан қарап, оның анық-қанығына көз жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тарайтын жалған немесе күмәнді ақпараттарға ермей, ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігі айтылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім эксперті Нұржан Кеңесұлы Әбдікәрім, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, қалалық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Нұрдәулет Аманкелді, Абдулабад тұрғын алабының биі, медиатор Тұрсын Рахманшиков қатысты.
Мамандар тұрғындарға қоғамдық татулықты сақтау мен өзара сыйластықтың маңызын түсіндіріп, құқықтық және діни сауаттылықты арттыруға қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Әсіресе қоғам мүшелерінің заң талаптарын білуі, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі, сондай-ақ түрлі даулы жағдайларды өршітпей, өзара келісім арқылы шешудің тиімді жолдары сөз болды.
Кездесу барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Қоғамдағы тұрақтылық пен бейбіт өмірді қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның белсенді ұстанымына байланысты екені түсіндірілді. Сонымен қатар үлкенді құрметтеу, көршімен тату қарым-қатынас орнату, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру сияқты құндылықтардың қоғамдық бірлікті нығайтудағы рөліне назар аударылды.
Кездесу соңында тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, мамандар жауап берді. Жиын барысында жас ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу, қоғамдық келісім қағидаттарын сақтау және азаматтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жөнінде ұсыныстар айтылды. Қатысушылар мұндай кездесулердің тұрғындармен ашық пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.



