Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Базарқақпа тұрғын алабында тұрғындармен кезекті маңызды кездесу өткізді. Басқосудың басты мақсаты – қала тұрғындары арасында патриоттық сезімді арттыру, бірлік пен тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісім мен достық қарым-қатынастарды нығайту болып табылады.
Жиын барысында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау, тұрғындар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты тереңдету, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және кез келген түсініспеушіліктердің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштық – баға жетпес байлық екені, ал оны сақтап қалу әрбір азаматтың ортақ парызы екені ерекше атап өтілді.
Кездесуге Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім эксперті Нұржан Кеңесұлы Әбдікәрім, қалалық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев және қалалық Еңбекші аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Мырзахметов қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде этносаралық татулықты нығайту, қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың әділдік, ынтымақ, сенім мен жауаптылық сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуының маңызына тоқталды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытудағы рөлі жоғары екені айтылып, тұрғындар арасында туындауы мүмкін кез келген келеспеушіліктердің алдын алу және оларды бейбіт, конструктивті жолмен шешу жолдары түсіндірілді.
Шара барысында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы сөз болды. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан реформалар мен идеологиялық жұмыстардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға, еліміздегі әрбір этнос өкілінің тең құқылы өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталғаны айтылды.
Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған өзекті сауалдарын қойып, көкейде жүрген ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көтерілген әрбір мәселе бойынша тұшымды жауап беріп, қоғамдық татулықты сақтау бағытындағы түсіндіру жұмыстары қаламыздың басқа да тұрғын алаптарында жалғасатынын жеткізді.





