Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Жастар және Жаңа Конституция: жарқын болашаққа бастар қадам» тақырыбында кездесу-дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында Қазақстан Республикасы Конституциясының маңызын кеңінен түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Кездесуге Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғарбек Үсіпахметов қатысып, жастарға құқықтық мемлекет құру жолындағы реформалардың мәні мен қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңыздылығы жөнінде пікір білдірді. Ол жастардың ел дамуына белсенді араласуы, заңды құрметтеуі және азаматтық ұстанымының берік болуы елдің табысты болашағының маңызды кепілі екенін атап өтті.
Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ Жастар саясаты және тіл дамыту бөлімінің басшысы Азиза Исаева жүргізді. Басқосуға жастар, қоғамдық орта өкілдері және арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.
Іс-шараға арнайы шақырылған спикерлер қатарында Шымкент қалалық прокуратурасының Басқарма прокуроры Дулат Тағаев және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Махаббат Мамуджанова болды.
Спикерлер Конституцияның қоғамдағы орны, конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Жастарға заң талаптарын білу мен сақтау азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі екені түсіндірілді.
Кездесудің маңызды бөлігінің бірі – жастардың баяндамалары болды. Белсенді жастар Конституцияның қоғамдағы рөлі, азаматтық жауапкершілік, жастардың мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысуы және еліміздің жарқын болашағын қалыптастырудағы жастардың миссиясы туралы өз көзқарастарын ортаға салды.
Қатысушылар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы елдің әлеуметтік және саяси дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды құрметтеу, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастырудың маңызы сөз болды.
Іс-шара ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Конституциялық реформалардың жүзеге асырылуы, құқықтық мемлекет қағидаттары, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі жөнінде еркін пікір алмасты.
Кездесу қорытындысында жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Мұндай кездесулер жастардың Конституцияға деген құрметін қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және ел болашағына белсенді араласуына мүмкіндік береді.





