Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Мемлекеттік этносаясат және этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара «Этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін дамыту арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және жалпыұлттық бірлікті нығайту» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Аталған жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстандық Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың қолдауымен жүзеге асырылуда.
Семинар барысында мемлекеттік этносаясатты іске асырудың заманауи тәсілдері, этносаралық қатынастарды дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту тетіктері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар этносаралық татулықты сақтау үшін өзара құрмет, ашық диалог және жауапкершілік қағидаттарының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар этносаралық қатынастардағы медиация институтының рөлі, диалог мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және мемлекеттік этносаясатты ақпараттық сүйемелдеудің өзекті бағыттары талқыланды. Медиацияның дау-дамайлардың алдын алуда және туындаған мәселелерді өзара келісім арқылы шешуде тиімді құрал екені айтылды.
Семинарға «Қазақстандық Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі, семинар модераторы Шыңғысхан Қожахметов, ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің бас сарапшысы Райхан Тілеубергенова, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі спикер ретінде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Спикерлер мемлекеттік этносаясатты тиімді іске асыруда мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттарының және ақпараттық-түсіндіру топтарының өзара ықпалдастығына ерекше тоқталды. Қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту тек бір бағыттағы жұмыспен шектелмей, жүйелі әрі үйлесімді іс-шараларды талап ететіні айтылды.
Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында халыққа нақты әрі түсінікті ақпарат ұсынудың, құқықтық сауаттылықты арттырудың және қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша сындарлы диалог қалыптастырудың маңызы сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыста ақпараттық топ мүшелерінің кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Іс-шара аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, сұрақ-жауап форматында өзекті мәселелерді талқылады. Практикалық кейстер қарастырылып, өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдірудің тиімді тетіктері бойынша ұсыныстар ортаға салынды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік этносаясатты ақпараттық сүйемелдеу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.





