Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Жаңа конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Іс-шараның мақсаты – жаңа конституциялық реформаларды іске асыру үдерісінде азаматтық қоғам институттарының рөлін айқындау, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және құқықтық мәдениетті дамыту мәселелерін талқылау болды.
Жиынды Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Заңғарбек Үсіпахметов жүргізіп, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды.
Мәжілістің кіріспе сөзін Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Эльвира Момынова сөйлеп, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың мәні мен маңызына тоқталды.
-Реформалардың тиімді жүзеге асуы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара сеніміне, ашық әрі нәтижелі ынтымақтастығына тікелей байланысты. Осы тұрғыда қоғамдық бірлестіктер, этномәдени ұйымдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуда, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда және елдегі оң өзгерістерді халыққа түсіндіруде маңызды рөл атқарады, — деді Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Эльвира Қанатқызы
Кездесу барысында Шымкент қаласы өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шокирбек Умаров «Жаңа конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік бастамаларды қолдау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды қызметіне жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Әділет департаментінің өкілі Шолпан Досаева «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдық ұйымдарды тіркеу тәртібі, заңнамалық талаптар және мемлекеттік қызметтерді көрсету тетіктері жөнінде кеңінен түсіндірді.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өзара пікір алмасып, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыру, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара ықпалдастығын күшейту, сондай-ақ конституциялық реформаларды іске асыруға қоғамның кеңінен қатысуын қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кетейік, дөңгелек үстелге Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының басшылығы мен жауапты қызметкерлері, Шымкент қаласы Әділет департаментінің өкілі, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен жастар қатысты.





