

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексін түсіндіруге арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шара құрылыс саласындағы сапаны бақылау, инженерлік жүйелер және электрмен жабдықтау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Семинарға Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы мен құрылыс басқармасының өкілдері, құрылыс компанияларының басшылары, техникалық қадағалау мамандары, жобалаушылар және салалық сарапшылар қатысты. Сондай-ақ құрылыс саласындағы кәсіби қызмет көрсететін «Engineering Services» ЖШС мамандары тәжірибелік баяндамалар жасады.
Кездесуді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев ашып, жаңа Құрылыс кодексінің бизнестің жұмыс тәртібіне елеулі өзгерістер енгізетінін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс саласындағы заңнаманы дұрыс түсіну мен оны тәжірибеде тиімді қолдану – сапалы әрі қауіпсіз құрылыс жүргізудің негізгі кепілі.
–Құрылыс – өңір экономикасының негізгі салаларының бірі. Сондықтан заңнамадағы өзгерістерді дұрыс түсіну өте маңызды. Жаңа кодекс жобалау, құрылыс жүргізу, техникалық және авторлық қадағалау, нысандарды пайдалануға қабылдау тәртібін жетілдіруге бағытталған. Палатаның міндеті – кәсіпкерлерге осы өзгерістерді түсіндіріп, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы байланысты нығайту, – деді ол.
Өз кезегінде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова семинардың негізгі мақсаты кәсіпкерлерді заңнамадағы өзгерістермен таныстырып, туындаған сұрақтарына нақты жауап беру екенін айтты.
– Мұндай кездесулер құрылыс саласы өкілдерінің өзекті мәселелерін ашық талқылауға және жаңа талаптарды тәжірибеде дұрыс қолдануына мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты жалғастыра береміз, – деді Гүлназ Есетова.
Семинар барысында «Engineering Services» ЖШС заңгері Диана Есмағамбетова Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексінің негізгі жаңалықтарына тоқталды. Оның ішінде қала құрылысын жоспарлаудың жаңа тәсілдері, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын күшейту, мамандарды сертификаттау жүйесін жетілдіру, техникалық нормаларды жүйелеу және құрылыс саласын цифрландыру бағыттары кеңінен түсіндірілді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа кодекс құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін бірыңғай цифрлық платформа арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар BIM технологияларын кезең-кезеңімен енгізу, жобалық-сметалық құжаттаманы цифрлық форматқа көшіру және құрылыс процестерінің ашықтығын арттыру көзделген.
Семинардың практикалық бөлімінде «Engineering Services» ЖШС-нің жалпы құрылыс жұмыстары жөніндегі жетекшісі Избасар Бейсеков құрылыс сапасын бақылау шарттары, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және техникалық қадағалаудың рөлі жөнінде баяндама жасады.
Ал инженерлік жүйелер жөніндегі жетекші Марат Шерембетов жылыту, желдету, ауа баптау, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сапасы мен энергия тиімділігі, сондай-ақ электрмен жабдықтау және әлсіз ток жүйелеріндегі қауіпсіздік талаптарына тоқталды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа Құрылыс кодексінің талаптарын іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша сала мамандарынан жан-жақты түсіндірмелер алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру кездесулері кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, құрылыс саласында сапа мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.



