Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірін жүзеге асырып жатқан «БНК АГРО КЗ» ЖШС-нің құқықтарын қорғау бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп, кәсіпорынның өндірістік қызметіне кедергі келтірген әкімшілік мәселенің оң шешім табуына ықпал етті.
Кәсіпорын Палатаға ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу және асыл тұқымды ірі қара малды импорттауға қажетті рұқсат құжаттарын алу барысында туындаған қиындықтарға байланысты жүгінген. Аталған мәселенің уақтылы шешілмеуі инвестициялық жобаның әрі қарайғы іске асуына, кәсіпорынның жобалық қуаттылыққа шығуына және өндірістік жоспардың орындалуына тікелей әсер еткен.
Кәсіпорынның мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың мамыр айында Еуропа мемлекеттерінен Құрық порты арқылы 458 бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілген. Ұзақ уақытқа созылған тасымалдау барысында 165 бас мал шығынға ұшыраған. Малдың шаруашылыққа жеткізілгені туралы ветеринариялық қызметке заңнама талаптарына сәйкес уақытылы хабар беріліп, жануарларды түсіру кезінде уәкілетті орган өкілдері қатысқан.
Карантиндік іс-шаралар толық аяқталғаннан кейін кәсіпорын тасымалдау кезінде орын алған мал шығынын растайтын актілер мен өзге де құжаттарды әзірлеген. Алайда ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу барысында туындаған әкімшілік кедергілер салдарынан кәсіпорын жаңа мал партиясын импорттау рәсімдерін уақтылы аяқтай алмай, қосымша қаржылық шығындарға ұшыраған. Соның салдарынан жануарларды күтіп-ұстау шығындары артып, өндірістік процестің жоспарлы қарқынына кері әсер еткен.
Мәселенің өңір экономикасы үшін маңыздылығын ескерген Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы уәкілетті мемлекеттік органдарға ресми хат жолдап, кәсіпорын ұсынған құжаттар мен карантиндік іс-шаралардың нәтижелерін назарға ала отырып, ветеринариялық құжаттарды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қысқа мерзімде рәсімдеуді сұрады. Сонымен қатар жетіспейтін ірі қара малды импорттауға қажетті рұқсат құжаттарын жедел қарауды және қажет болған жағдайда мемлекеттік орган, кәсіпорын мен Палата өкілдерінің қатысуымен бірлескен жұмыс кездесуін ұйымдастыруды ұсынды.
Өз ұстанымында Палата Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілерінің заңды қызметіне негізсіз кедергі келтірмеуге міндетті екенін, ал кәсіпкерлердің өтініштері мен құжаттары заңнамада белгіленген тәртіппен объективті әрі уақтылы қаралуы тиіс екенін атап өтті.
Кәсіпкерлер палатасының араласуынан кейін мәселе оң шешімін тауып, кәсіпорынға қажетті ветеринариялық және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Нәтижесінде кәсіпорын жаңа мал партиясын импорттау жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алып, инвестициялық жобаны белгіленген жоспарға сәйкес әрі қарай жүзеге асыруға жол ашылды.
Айта кетейік, «БНК АГРО КЗ» ЖШС Түркістан облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жоба аясында жаңа жұмыс орындарын құру, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту көзделген.
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және өңірге тартылған инвестициялардың тиімді жүзеге асуына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді.




