
Сарыағаш ауданында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың төрағалығымен «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жолданған өтініште көрсетілген өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өтті.
Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары А.Умбеталиев, А.Салимов, Ж.Сүлейменов, У.Рахиев, Д.Егамбердиева, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Р.Асылбекұлы, аудандық полиция басқармасының бастығы Д.Нұсқабеков, облыстық салалық басқармалар мен департаменттердің басшылары және жауапты мамандары, «Рауан» ЖШС-нің директоры Е.Омаров, Дербісек ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында «Рауан» ЖШС өтініште көтерген мәселелер жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, кәсіпорынға қатысты жүргізілген тексерулер, Дербісек ауылындағы қоғамдық жиындар мен митингілердің ұйымдастырылуы және оған жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары, бюджет қаражатының игерілуі және ауыз су ұңғымаларының нақты пайдалану жағдайы талқыланды.
Аталған мәселелер бойынша Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері баяндама жасап, көтерілген мәселелер бойынша түсіндірмелер берді.
Сарыағаш аудандық полиция басқармасының бастығы Дербісек елді мекенінде өткен жиналыстар, бейнеүндеулер мен митингілер туралы, аудан әкімі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органның атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді.
Баяндамалар тыңдалғаннан кейін қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мәслихат төрағасы жиынды қорытындылап, Сарыағаш аудан әкімдігіне Дербісек елді мекенінің тұрғындарын және «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісін сумен қажетті көлемде қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізу туралы ұсыныс енгізді.
Сонымен қатар, «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заң аясындағы құқықтарын түсіндіре отырып, атқарушы органмен бірлесе жұмыс жасауды ұсынды.
Аталған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатындығы хабарланды.
Жалпы, өзара пікір алмасу нәтижесінде тараптар аталған мәселелер бойынша ортақ келісімге қол жеткізді.
Түркістан облыстық мәслихаты


