Қазақ спортының халықаралық аренадағы беделін асқақтатып жүрген саңлақтардың қатарында боксшылардың орны ерекше. Әлемдік жарыстарда көк Туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан былғары қолғап шеберлерінің жетістігі қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Бүгінде Қазақстан бокстан әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында талай мәрте топ жарып, дүние жүзіне танылған елге айналды. Қазақ боксының даңқын асырып жүрген атақты спортшылар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов.
Бекзат Саттарханов – Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған тұңғыш қазақ боксшысы. Ол 2000 жылы Сидней Олимпиадасында ел мерейін үстем етіп, көк байрағымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Сол кезде Бекзат небәрі жиырма жаста еді. Бұл – оның таланты мен қазақ бокс мектебінің қуатын айқын дәлелдейтін тарихи жетістік.
Үш дүркін Олимпиада чемпионы болуды армандаған жас спортшы, өкінішке қарай, Олимпиада жеңісінен кейін арада үш ай өткенде жол-көлік апатынан қаза тапты. Бұл қаралы хабар тек Саттархановтар әулетін ғана емес, күллі қазақ халқын қайғыға батырды. Қазақ боксының жарқ еткен жарық жұлдызының осылайша ерте сөнуі көк байрақтың аясында өмір сүріп жатқан әрбір қазақстандықтың жүрегіне ауыр тиді.
Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Бекзаттың есімі халық жадынан өшкен жоқ. Оның жарқын бейнесі, спорттағы жетістіктері мен жеңістері ел есінде сақталып келеді. Бүгінде Бекзат туралы өлеңдер мен әндер жазылып, кітаптар жарық көріп, фильмдер түсірілді. Жыл сайын оның рухына арналған жаңа шығармалар дүниеге келіп, еңбектер қатары толығып келеді. Жуырда бауырлас түрік елінде «Ozanların Gözüyle/Sözüyle Bekzat Sattarhanov» (Ақындардың көзімен/сөзімен Бекзат Саттарханов) атты кітап жарық көрді. Кітапты Еуразия Жазушылар одағының «Bengü» баспасы басып шығарды.
Аталған жинаққа 2000-2025 жылдар аралығында әртүрлі басылымдарда жарияланған және ақындардың өздерінен жиналған 30 автордың 45 өлеңі енгізілген. Оның 44-і қазақ тілінен түрік тіліне аударылған болса, біреуі түрік тілінде жазылған түпнұсқа туынды. Бұл өлеңнің авторы – түрік ақыны Фатих Кескин.
Фатих Кескин қазіргі таңда Гази университетінде түрік тілі оқытушысы болып қызмет атқарады. Ол 2014-2015 оқу жылында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дайындық орталығында түрік тілі оқытушысы ретінде жұмыс істеген. Сол кезеңде Түркістан өңірінен шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмір жолы мен жетістіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған.
2025 жылдың басында ақын ұлымен бірге Түркістанға арнайы келіп, Саттархановтар әулетінің шаңырағына барып қайтқан. Ол Бекзаттың анасы Сырлыкүл апамен кездесіп, ұлы мен жарының рухына Құран бағыштаған. Осы сапар барысында Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған жыр жинағы әзірленіп жатқанын естиді. Түркияға оралған соң даңқты спортшыға арнап арнайы өлең жазып, оны жинақ құрастырушысына жолдайды.
Фатих Кескиннің бұл туындысының қазақша аудармасы 2025 жылы жарық көрген «Жарқ етіп сөнген 20 жас» атты жинаққа енсе, түрік тіліндегі түпнұсқа нұсқасы жуырда жарық көрген «Ozanların Gözüyle/Sözüyle Bekzat Sattarhanov» кітабында жарияланды.
Бекзат Саттархановқа арнап түрік тілінде өлең жазылып, оның Түркияда жарық көрген кітапқа енуі – даңқты спортшының тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің ортақ мақтанышына айналғанының айқын дәлелі. Бұл – Бекзат тұлғасының ұлттық шеңберден асып, бүкіл түркі әлеміне ортақ рухани құндылыққа айналғанын көрсететін маңызды құбылыс.
Бекзаттың ерлігін бағалап, оның жарқын бейнесін жырына арқау еткен түрік ақыны Фатих Кескинге ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ халқы мен түркі жұрты барда Бекзат Саттархановтың есімі ешқашан ұмытылмайды. Оның жеңісті жолы мен қайсар рухы келешек ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
БӨКЕЙ
Фатих КЕСКИН (Түркия)
Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында үлкен жетістігімен ұлттық мақтанышқа айналған бокстан олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың әзіз рухына арнаймын.
Ақ құба тәнінің аяз қарығандай реңі,
Даланың төсінде жайқалған гүлдей.
Бір бастама күткен дәуірдің куәгері
Желіп өтеді сәйгүліктердей.
Көкірегіне оның тарих құйылған,
Қолының күшіменен көтерсін деп.
Жүгінен қорықпады, менменсіп кетпеді ол,
Тәңірі рақымына бөлесін деп.
Байқалар рухында ұшқын және зор құлшыныс
Барша әлемнің көзіне тіп-тіке қарағанында.
Түркістанның Пірінен алған рухани күш,
Дауылға айналар рингке шыққан шағында.
Мойнында медалі, соғылған алтыннан,
Көгілдір бір тәж бар басында.
Батырларша ұшып түсті атынан,
Өмірінің көктемі, жиырма жасында.
Туған жері, дүние орнында тұрғанда,
Батырдың денесіне қорған болады.
Көкте желбіреген көк байрақ барда,
Бекзат, қазақ жастарына сардар болады…
Ержан Серікұлы АРҒЫНБАЕВ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
аға оқытушысы, PhD.




