




Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен «WorldSkills Abilympics Turkistan – 2026» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетіп, үздіктер салтанатты түрде марапатталды. Биылғы чемпионат қорытындысы бойынша 46 құзыреттілік бағытында үздік танылған 46 студент республикалық кезеңге жолдама алды.
Ауқымды дода 12 колледж және 2 кәсіпорын базасында ұйымдастырылып, оған 396 студент қатысты. Қатысушылардың кәсіби шеберлігін 315 сарапшы мен 46 бас сарапшы бағалады. Чемпионат барысында жас мамандар өздерінің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, жоғары деңгейдегі кәсіби дайындықтарын көрсетті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Алимжан Орынов, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және «Jasyl Suyq Qazaqstan» ЖШС өкілі Айгүл Бақытқызы қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Алимжан Орынов WorldSkills қозғалысының жастардың кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың еңбек нарығына бейімделуіне және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, өткен жылы Түркістан облысының «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық чемпионатында үздік үштік қатарынан көрінгенін айтты. Атап айтқанда, өңір намысын қорғаған 15 колледж студенті 4 алтын, 6 күміс, 6 қола және 8 арнайы медаль иеленген.
Биылғы чемпионатта алғаш рет «Ұшқышсыз ұшу аппараттары», «Тоңазытқыш және желдеткіш технологиясы», «Абилимпикс графикалық дизайн», «Веб технологиялар», «Бизнеске арналған ІТ шешімдері», «CAD инженерлік графикасы», «Аспаз ісі», «Дәнекерлеу технологиялары» секілді жаңа бағыттар енгізілді.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев чемпионаттың өңір экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтті.
— Бүгінде жұмыс берушілерге тек дипломы бар емес, нақты тәжірибесі мен кәсіби дағдысы қалыптасқан мамандар қажет. WorldSkills чемпионаты — сол талапқа сай кадрларды дайындайтын маңызды алаң. Мұнда студенттер өз қабілетін дәлелдеп қана қоймай, болашақ жұмыс берушілерге өз мүмкіндігін көрсетеді. Түркістан жастарының әлеуеті өте жоғары. Осындай байқаулар арқылы еліміздің өндірісі мен кәсіпкерлік саласын дамытатын мықты мамандар қалыптасады деп сенеміз, — деді Асылан Ибадуллаев.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысындағы 50 колледжде 46 мыңға жуық студент білім алуда. Өңірде еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтар ашылып, биыл «ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы», «жылыжай шаруашылығы» және «BIM қолданушысы» бағыттары бойынша кадр даярлау басталды.
«WorldSkills» қозғалысының негізгі мақсаты — халықаралық стандарттарға сай техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, білікті кадрлар даярлау және жастардың кәсіби әлеуетін шыңдау. Осындай жобалар арқылы ел экономикасына қажетті заманауи мамандар даярланып, жұмысшы мамандықтарының беделі артып келеді.




