Түркістан облысы Қазығұрт ауылының «Qazygurt» командасы Грекияның Коринф қаласында өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі орынға ие болды.
Жарысқа әлемнің 56 елінен келген жас инженерлер мен өнертапқыштар қатысты. Қазақстандық оқушылар АҚШ, Жапония, Бразилия, Германия, Қытай, Испания және Түркия секілді технологиясы дамыған мемлекеттердің қатысушыларымен бақ сынасты. Чемпионат қорытындысы бойынша қазығұрттық жас өнертапқыштар Champions Award номинациясында ІІ орынды иеленіп, ел мерейін асқақтатты.
Құрама сапында Бауыржанқызы Арайлым, Абдрай Ернұр, Жаркинбек Інжу, Амангельдиев Абзал, Жетпіс Ерасыл, Өтепберген Нұрбек, Айбек Еркебұлан және Кенесов Диас өнер көрсетті. Олар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясында, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейінде және А.С. Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алады.
Команданың жетекшілері – Оразхан Бексұлтан, Тастан Ербол, Үстенов Нұрсұлтан, Нышан Қайыркен және Әлімқұлов Қуаныш. Ұстаздар шәкірттердің ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар беріп, халықаралық деңгейдегі жарысқа тыңғылықты дайындалуына үлкен үлес қосты.
«Qazygurt» командасы халықаралық чемпионатқа жолдаманы Alem Tech Fest республикалық жарысында жеңіп алған болатын. Аталған байқау ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен. Команда халықаралық додаға шамамен бір жыл бойы дайындалып, нәтижесінде жоғары жетістікке қол жеткізді.
Чемпионат барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, роботтарды бағдарламалау, инженерлік шешімдер ұсыну, техникалық жобаларды қорғау және командалық тапсырмаларды орындау бойынша бақ сынады. Қазығұрттық оқушылар өздерінің ерекше жобаларын таныстырып, робототехника саласындағы тың идеяларымен халықаралық сарапшылардың назарын аударды.
Жас өнертапқыштардың айтуынша, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әлемнің әр түкпірінен келген қатысушылармен тәжірибе алмасу олардың білімін жетілдіріп қана қоймай, жаңа технологияларға деген қызығушылығын арттырған. Сонымен қатар, чемпионат барысында оқушылар түрлі мемлекеттердің мәдениетімен танысып, халықаралық достық байланыс орнатуға мүмкіндік алған.
Команда жетекшілерінің пікірінше, мұндай халықаралық жарыстар оқушылардың тек техникалық қабілетін ғана емес, көшбасшылық, жауапкершілік және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Робототехника – қазіргі заманның ең сұранысқа ие бағыттарының бірі. Сондықтан мектеп оқушыларының бұл салаға қызығушылығы болашақта елдің ғылымы мен технологиясының дамуына оң әсерін тигізеді.
Түркістан облысында соңғы жылдары білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңір мектептерінде IT және робототехника кабинеттері ашылып, оқушылардың жаңа технологияларды меңгеруіне қолайлы жағдай жасалуда. Осындай қолдаудың нәтижесінде облыс оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
Қазығұрттық оқушылардың бұл жетістігі – тек ауданның ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Жас дарындардың халықаралық аренада көк туымызды желбіретіп, Қазақстанның білімді әрі талантты жастарының әлеуетін танытуы – үлкен жетістік. Бұл жеңіс басқа оқушыларға да шабыт беріп, ғылым мен инновацияға қызығушылықты арттыра түсетіні сөзсіз.
Шара соңында чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. «Qazygurt» командасының мүшелері алдағы уақытта да жаңа жобалар әзірлеп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауды мақсат етіп отыр. Жас инженерлердің табанды еңбегі мен ізденісі олардың болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенім мол.




