Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің жиі пайдаланған жеке заттары туған жері – Ордабасы ауданына жеткізілді.
Жазушының ұлы арнайы ауданға келіп, Шұбар ауыл округіне қарасты Аққойлы ауылындағы Ишан-базар мешітіне әкесінің тұтынған заттарын табыстады. Бұл игі іс – рухани мұраны ұлықтау мен ұрпақ сабақтастығын жалғаудың жарқын көрінісі ретінде бағаланды.
Тағылымы мол кездесуге аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған қаламгер мұрасын ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде:
«Дулат Исабеков – ұлт руханиятының биік тұлғасы. Қаламгердің көзі тірісінде қолданған заттарының туған жерге әкелінуі – біз үшін үлкен мәртебе әрі кейінгі ұрпаққа өнеге болатын тағылымды іс. Осындай құрмет көрсетіп, аманатты елге табыстап жатқандарыңызға шынайы алғыс білдіреміз», – деді.
Кездесу барысында аудан әкімі жазушының ұлына Ордабасы ауданы туралы арнайы жарық көрген кітапты сыйға тартты.
Жиынға қатысушылар қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайында естеліктер айтып, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше ілтипатпен атап өтті.
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қаламгерлердің бірі. Оның шығармаларында адам болмысы, қоғам шындығы, моральдық құндылықтар мен ұлттық мінез терең суреттеледі. Жазушының повестері мен пьесалары тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік сахналарда да қойылып, кеңінен танымал болған.
Қаламгердің шығармашылық мұрасы – бүгінгі және келер ұрпақ үшін рухани қазына. Оның туындылары арқылы қазақ қоғамының өткені мен бүгіні, адам тағдыры мен өмірлік таңдаулар терең философиялық тұрғыда көрініс табады.
Ишан-базар мешітіне табысталған жеке заттар алдағы уақытта арнайы бұрышта сақталып, келушілерге таныстырылатын рухани жәдігерлердің біріне айналмақ. Бұл бастама жастардың ұлттық әдебиетке, тарихқа және руханиятқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Ордабасы ауданы – талай тарихи тұлғалардың туған жері. Сондықтан мұндай мәдени-рухани шаралар өңірдің рухани келбетін айшықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосады.
Кездесу соңында қатысушылар жазушының рухына тағзым етіп, оның шығармаларын кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті. Бұл игі іс – ұлт руханиятына деген құрметтің айқын көрінісі ретінде есте қалды.






