Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Алатау ауылдық округіне арнайы іссапармен барып, елді мекендердегі инфрақұрылымдық мәселелердің шешілу барысымен және әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру және әлеуметтік нысандардың құрылысын уақытылы аяқтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Алдымен аудан әкімі Біркөлік шатқалындағы нөсер жауын кезінде туындайтын мәселелерді зерделеді. Соңғы уақытта қатты жауын-шашын кезінде таудан аққан су тұрғын үйлердің аулаларына жайылып, жергілікті халыққа қолайсыздық туғызған болатын. Осыған байланысты жауапты сала мамандарымен бірлесіп, су ағар науаларын орнату және су бұру жүйесін реттеу мәселелері қарастырылды. Аудан басшысы арнайы мамандарға аумақты жан-жақты зерттеп, тиімді инженерлік шешімдер ұсынуды тапсырды.
Мамандардың айтуынша, су ағар жүйесін қалыптастыру арқылы жауын суының бей-берекет ағуын азайтып, тұрғын үйлерді су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде табиғи апаттардың зардабын азайтып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай жұмыстар елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Іссапар барысында аудан әкімі Шұбарағаш және Қосағаш ауылдарында инвесторлар есебінен салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңда құрылыс нысандарында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан медициналық бекеттер ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында медициналық пункттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге жағдай жасалмақ. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратын азаматтар үшін мұндай нысандардың маңызы зор. Себебі ауыл тұрғындары уақыт жоғалтпай, өз елді мекенінде алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекемелерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар нысандардың қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болуы керектігі ескертілді. Қазіргі жоспар бойынша медициналық бекеттерді осы жылдың шілде айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бүгінде Төлеби ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе ауылдық елді мекендерде инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу, жол, су және инженерлік жүйелерді жақсарту мәселелері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етуде.
Мамандардың пікірінше, ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Сонымен қатар жаңа нысандардың салынуы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеріп, ауылдардың дамуына тың серпін береді.
Аудан әкімінің жұмыс сапары барысында тұрғындармен де пікір алмасу жүргізіліп, елді мекендердегі өзекті мәселелер назарға алынды. Халық тарапынан көтерілген ұсыныстар мен өтініштер алдағы жұмыстар барысында ескерілетіні айтылды.
Төлеби ауданында жүзеге асып жатқан мұндай инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар өңірдің тұрақты дамуына негіз болып отыр. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.




