АУЫЗСУ САПАСЫН АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫН АЛДЫ
Түлкібас ауданында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар қарқын алып келеді. Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев аудан аумағында атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында бірқатар ауылдық округтер қамтылып, ауызсу жүйесінің жай-күйі мен жаңғырту жұмыстары жан-жақты зерделенді.
Аудан басшылығы ең алдымен Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылына барды. Бұл елді мекенде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мақсатында бірқатар инженерлік жұмыстар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 15 тонналық су сақтау багы орнатылып, оның аумағы толық қоршалған. Сонымен қатар ұзындығы 1 шақырым 200 метр болатын 110 мм құбыр желісі тартылып, 15 су құдығы (колодец) салынған. Су жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи есептегіш құралдар мен қажетті техникалық жабдықтар жаңадан орнатылған. Бұл өз кезегінде су тұтынуды нақты бақылауға және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Келесі кезекте аудан әкімі Балықты ауылдық округіне қарасты Көкбұлақ ауылында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Мұнда су алу нысаны – водозабор толық жаңғыртудан өткен. Нысан аумағы қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Су сақтау резервуарлары күрделі жөндеуден өткізіліп, олардың техникалық жағдайы жақсартылған. Сонымен қатар аумаққа бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру жүйесі іске қосылған. Су инфрақұрылымын басқаруға арналған шағын қызметтік ғимарат та салынған.
Машат ауылдық округіне қарасты Қызылбастау ауылында да ауызсу жүйесін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда жаңа скважина қазылып, су көзі кеңейтілген. 205 метр аумақ толық қоршалып, санитарлық талаптарға сәйкестендірілген. Сонымен қатар су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізілуде. 110 мм диаметрлі құбыр арқылы 7 шақырымға дейін абоненттік желі тартылып, тұрғын үйлерге су жеткізу жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылуда. Құдықтар орнатылып, су өлшеуіш құрылғылар қойылған.
Осы округке қарасты Еңбекші ауылында да инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Мұнда су мұнарасы орнатылып, су сорғысы (насос) жүйесі іске қосылған. 800 метр құбыр тартылып, бірнеше көшені қамтитын су желісі жаңартылған. Нысан аумағы қоршалып, техникалық қауіпсіздік талаптары күшейтілген.
Келтемашат ауылдық округіне қарасты Жиынбай ауылында тұрғындар бұрыннан пайдаланылып келген өз ағысымен келетін су жүйесі жаңғыртылып, 200 метрлік құбыр арқылы сапалы ауызсу жеткізу мүмкіндігі жасалған. Бұл ауыл тұрғындарының суға қолжетімділігін айтарлықтай жақсартты.
Ал Даубаба ауылында ауызсу мәселесін шешу бағытында ауқымды жоба жүзеге асырылды. 27 тұрғын үй сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, ұзындығы 3 шақырым болатын 110 мм құбыр желісі тартылған. Су бастау көзі толық қоршауға алынып, санитарлық аймақ талаптарына сәйкестендірілген. Сонымен қатар 25 тонналық су сақтау багы орнатылып, ауызсу жүйесі толық іске қосылған.
Аудан аумағында ауызсу сапасын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Аудан әкімі су бастау көздерінің экологиялық қауіпсіздігін сақтау, оларды көгалдандыру және қорғау мақсатында ағаш отырғызу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесін бір орталықтан басқару арқылы бақылауды тиімді ету қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттер «Тұраркент су» мекемесіне жүктелді.
Жалпы алғанда, Түлкібас ауданында ауызсу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауылдық елді мекендерді дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.






