Сауран ауданында «Жалпыұлттық құндылықтар – ел дамуы» жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар апталығы» атты аудандық байқау өтті. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және отансүйгіштік рухты нығайту.
Байқаудың ашылу салтанатына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов, Түркістан облысының бас биі Таубай Балтабайұлы және ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, бұл жоба алғаш рет Бәйдібек ауданынан бастау алып, бүгінде облыс көлемінде кең ауқымда жүзеге асырылып, 17 аудан мен қаланы қамтып отыр. Бұл – өңірде рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Байқауға түрлі сала өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары белсенді қатысып, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптейтін шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Қатысушылар қазақ халқының ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерін жаңғыртып, олардың тәрбиелік мәнін кеңінен насихаттады.
Іс-шара барысында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, дәстүрлі тағамдар көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар ұлттық болмысты заманауи форматта жеткізуге ерекше мән беріп, шығармашылық ізденістерін көрсетті.
Байқауды бағалаған қазылар алқасының құрамында қоғам және мәдениет саласының білікті өкілдері болды. Олар қатысушылардың өнерін әділ бағалап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі белсенділіктерін жоғары бағалады.
Іс-шара аясында әжелер алқасының қатысуымен «Ашамайға мінгізу» және «Танабау тағу» сияқты ұлттық дәстүрлер сахналанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, ұлттық өнердің үздік үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралар қоғамда ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және ел бірлігін бекемдеуге ықпал ететінін атап өтті.
Жалпы, қоғамдық ұйымдар – әжелер алқасы, аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер кеңесінің бірлескен қатысуымен өткен бұл іс-шара – ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.




