Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес, 1993-1998 жылдар аралығында Ішкі әскердің жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2000-нан аса сарбазы мен офицері Қазақстан Республикасы жеке атқыштар құрама батальоны құрамында тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Бұл кезең Ішкі әскер тарихындағы ең жауапты әрі сындарлы жылдардың бірі болды.
Алайда 1995 жылдың 7 сәуірі Ішкі әскер сарбаздары үшін қаралы күн ретінде тарихта қалды. Осыдан 31 жыл бұрын Пшихавр шатқалында, Пяндж өзені бойында Ішкі әскердің ротасына Ауғанстан аумағынан қарулы моджахедтер шабуыл жасады. Қанды шайқас барысында 17 сарбаз қаза тауып, 33 әскери қызметші жараланды. Батыр жауынгерлер жанқиярлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, әскери борышын өтеу жолында ерлікпен көз жұмды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қаза тапқан 17 сарбаздың бесеуі ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ал он екісі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ олардың барлығына Ресей Федерациясының «За отличие в службе» медалі қаза болғаннан кейін табысталды.
Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге деген құрмет ретінде Душанбе қаласында монумент орнатылды. Астана қаласында «Отан-Ана» монументі жанынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана тұрғызылды. Сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа да қалаларда батырларға арналған ескерткіштер бой көтерген.
Ішкі әскердің заңды мұрагері — Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы өз батырларын ешқашан ұмытпайды. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес жыл сайын 7 сәуір күні «Ерлік күні» ретінде аталып өтеді. Бұл күні ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылып, тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ретінде ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады.
Айта кету керек, аталған тарихи оқиға желісімен 2019 жылы «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қолдауымен және «Qazaqstan» телеарнасымен бірлесіп «Казбат» көркем фильмін және оның көпсериялы теленұсқасын жарыққа шығарды.
Бүгін Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің базасында «Ерлік күніне» арналған еске алу шарасы өтті. Іс-шара барысында 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасындағы Пшихавр шатқалында қаза тапқан ҚР ІІМ Ішкі әскерінің 17 сарбазына арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды.
Жиынға Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков, ардагерлер, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, оқушылар мен студенттер, сондай-ақ сол кездегі 7 құрама ротаның командирі запастағы полковник Ерлан Алданазаров және оның бұрынғы жауынгерлері қатысты.
Іс-шара барысында запастағы полковник Ерлан Алданазаров сөз сөйлеп, сол бір ауыр күндердің естеліктерімен бөлісті:
— Біз үшін бұл күн — тек қайғылы күн емес, сонымен бірге ерліктің, бауырластықтың және әскери антқа адалдықтың символы. Біз қаруластарымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, — деді ол.
Сондай-ақ тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Ерлік – ұмытылмайтын ұғым. Отан алдындағы адалдық пен батырлықтың айқын көрінісі болған бұл тарихи күн — кейінгі ұрпақ үшін тағылым мен тәрбие көзі. Ұлттық ұлан сарбаздарының ерлігі — ел жадында мәңгі сақталады.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



