Мемлекет басшысы Астана қаласында өткен мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында осылай деді.
«Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді.
Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны – жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз.
Қазіргі конституциялық реформаны Ата заңымызға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайды. Ол кезде бас құжаттың үштен бірі жаңартылды. Бізге сол уақыттың өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Осындай ұсыныс көптеген қоғамдық алаңда, сарапшылар ортасында айтылды.
Дегенмен бірқатар саяси жаңашылдықты жүзеге асырып, содан кейін ғана еліміздің конституциялық негіздерін біртіндеп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қабылданды. Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл менің шешім.
Қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келеді, сондықтан халықтық сипатқа ие болды. Әуелі күн тәртібіне парламенттік реформа мәселесі ғана қойылған еді. Алайда қоғамдық талқылаулар бұл бастаманың аясынан шығып кетті.
Азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түсті. Оның 15 пайызға жуығы Парламенттің қызметіне қатысты, ал қалғаны ауқымды конституциялық реформаның түрлі аспектісін қамтыды. Нәтижесінде конституциялық комиссияға келіп түскен өтініштердің саны он екі мыңға жетті.
Негізгі заңның жобасына қатысты талқылаулар жарты жылдан астам уақытқа созылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.
Жалпы, бұл үдеріске бүкіл қоғам білек сыбанып кірісті. Азаматтарымыз eGov және eOtinish платформаларында ойларын ортаға салды. Комиссия отырыстарын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көргендер саны миллионнан асты», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Халық Конституциясының мәтінімен жұмыс істеген азаматтарға алғыс айтты
«Ауқымы жағынан да, құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та теңдесі жоқ Комиссия өте көп жұмыс атқарды. Мыңдаған ұсынысты жүйелеп, ретке келтіру – оңай шаруа емес.
Мен осы сәтті пайдаланып, Халық Конституциясының мәтінімен жұмыс істеген барша азаматқа тағы да зор алғыс айтамын. Сондай-ақ ел тағдырына тікелей әсер ететін мәселеге бейжай қарамай, өз ұсыныстарын жолдаған адамдарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сарапшылар барлық негізгі мәселе бойынша ортақ мәмілеге келген соң ғана жаңа Конституцияның соңғы жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылды.
Енді алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз», — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ азаматтар Конституция жобасын қолдаған жағдайда еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасатынын жеткізді.
«Азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады.
Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғары Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттілік мерзімін шектейтін ережелер Конституция жобасындағы жаңашылдық болды. Негізгі заң жобасына сәйкес, бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды.
Мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғаларының өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – бұрын-соңды болмаған саяси жаңашылдық.
Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады. Осылайша, тежемелік және тепе-теңдік жүйесі нығайып, оның тиімділігі арта түседі.
Енді бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайды. Оны сақтауға да болар еді. Конституциялық реформа жөнінде келіп түскен ұсыныстардың қатарында осы квотаны күшінде қалдыру туралы да көп айтылды. Бірақ депутаттар ешқандай артықшылықсыз бірыңғай ереже бойынша сайлануға тиіс деп санаймын.
Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие. Бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды.
Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда «сұр кардиналдар» немесе «саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар» мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Бұл тәжірибе түбегейлі жойылды», — деді Президент.




