
2026 жылғы 20 ақпанда Түркістан қаласында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің экономика және сауда мәселелеріне жауапты министрлерінің 14-ші отырысы өтті. Бұл жиын түркі кеңістігіндегі экономикалық интеграция саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық даму институттары және іскерлік қауымдастық өкілдері қатысып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жоғары саяси ерік-жігер мен практикалық дайындықты растады.
Отырыс жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әмреев, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Әзербайжан Республикасы экономика министрінің орынбасары Ровнаг Абдуллаев, Қырғыз Республикасы экономика және коммерция министрінің орынбасары Сұлтан Ахматов, Түркия Республикасы сауда министрінің орынбасары Сезай Учармак, Өзбекстан Республикасы инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаев, Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы Тұрақты хатшылығының бас хатшысы Адем Кула және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты.
Отырыс ТМҰ елдерінің ауқымды жиынтық әлеуетке ие екенін растады. Бұл әлеует сыйымды нарықты, дамыған өнеркәсіптік және аграрлық базаны, жоғары адами капиталды, стратегиялық транзиттік орналасуды және заманауи қаржылық даму құралдарын қамтиды. Сонымен қатар өңір елдері арасындағы өзара сауда мен өндірістік кооперацияның қазіргі деңгейі қолда бар елеулі мүмкіндіктерді әлі де толық көрсете алмай отырғаны атап өтілді.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсаковтың айтуынша, экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту талқылаулардан нақты бірлескен бастамаларды іске асыру кезеңіне көшуді талап етеді: «Бүгін біздің алдымызда таңдау тұр: тек диалог алаңымен шектелу немесе нәтижеге бағытталған серпінді экономикалық кеңістік қалыптастыру. Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы төрағасының орынбасары ретінде Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы терең кооперацияны дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және ТМҰ елдерінің өндірістік тізбектерін кеңейтуге дайын екенін растаймын».
Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов түркі халықтарының экономикалық өзара іс-қимылының тамыры тереңде жатқанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда, сенім және өзара тиімділік шешуші рөл атқарған Ұлы Жібек жолы негізінде қалыптасты. Бүгінде ТМҰ мен Сауда-өнеркәсіп палаталары одағының институционалдық тетіктері арқасында осы тарихи байланыстар заманауи практикалық мазмұнға ие болуда.
Биыл Қазақстан Республикасы түркі елдерінің Сауда-өнеркәсіп палаталары одағына төрағалық ететіні ерекше атап өтілді. Бұл интеграцияның іскерлік өлшемін дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған практикалық бастамаларды іске асыру бойынша айрықша жауапкершілік жүктейді.
Сонымен қатар Түркі мемлекеттері сауда-өнеркәсіп палаталары одағын (TCCI) тұрақты жұмыс істейтін орган ретінде Хатшылық құру арқылы толыққанды халықаралық ұйым ретінде институционализациялаудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл біздің жұмысымызға тұрақтылық, сабақтастық және практикалық нәтижелілік береді.




