Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және түсіндіру бойынша оқытушылар, студенттермен кездесу жиыны өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат жөнінде кеңірек әңгімелеп берді.
Жаңа редакциядағы Ата заң елімізде адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны мемлекеттік қызметтің басты стратегиялық бағыты ретінде айқындайды. Сәрсен Абайұлы қазіргі жаһандық бәсеке мен әлемдік тұрақсыздық кезеңінде кез-келген елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, интеллектуалды әлеуеті, білім сапасы мен ғылыми жетістіктері арқылы өлшенетінін атап өтті.
– Конституцияның жаңа редакциясында преамбула толығымен жаңадан жазылып, онда Ұла даланың мыңжылдық тарихына сүйеніп, Ата Заңның негізгі мақсат-мұраттары айқындалды.
Сонымен қатар, Вице-Президент институты, Халықтық кеңес, Адвокатура және басқа да маңызды жаңа институттар мен ұғымдар енгізілді.
Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау заңды ұйғарым, бастысы қазіргі заман талаптарына, қоғамның сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді. Жаңа Конституция – бұл елдің ұзақ мерзімді дамуын бағыттайтын темір қазық, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын негізгі құжат, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, іс-шарада оқу орнының ұстаздары, шәкірттері де өз ойларын ортаға салды. Жаңа редакциядағы Ата заң жөнінде сұрақ қоюшыларға жан-жақты жауап берілді. Жиынға қатысушылар жаңа Конституция жобасына толық қолдау білдірді.





