Шымкент қаласының индустриалды аймақтарында және тұрғын алаптарда бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылып, жұмысын бастады.
Солардың бірі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Marvik Partners» ЖШС тоқыма емес материалдар өндірісі фабрикасы. Онда медицина, құрылыс, агросектор салаларына арналған бұйымдар өндірілуде. Қазіргі таңда 79 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімдерді экспортқа шығару жоспарда тұр.
Фабриканың жалпы инвестициялық құны — 4,7 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуаттылықпен іске қосылғаннан кейін 136 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Жылына 4,8 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік бар. Аталған инвестициялық жоба еліміздің Оңтүстік өңірлерін сапалы спанбонд (тоқыма емес мата) өнімімен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жобаны іске асыру үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 3 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта фабриканың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, құрал-жабдықтар толығымен орнатылған.
Жобаның іске асуы жеңіл өнеркәсіптің дамуына, импортты алмастыруға, сапалы және қолжетімді тоқыма емес материалдарымен қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, жалпы қала экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосады.






