Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысын жүйелі дамыту, халықты баспанамен қамту және көпқабатты тұрғын үйлердің сапалы әрі уақытылы салынуын қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй жобаларының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарларын талқылауға арналған арнайы жиын өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, құрылыс басқармасы мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдері қатысып, құрылыс бөлімі басшысының м.а Дәурен Мәуленов пен тұрғын үй бөлімі мен тұрғын үй инспекциясының басшысы Талғат Үсенбаев баяндама жасады.
Жиын барысында Отырар шағын ауданында жүзеге асырылып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы туралы баяндалды. Аталған аумақта 5 қабатты 20 тұрғын үй салынуда. Жалпы 800 пәтер жоспарланған, оның ішінде 1 бөлмелі – 200, 2 бөлмелі – 200, 3 бөлмелі – 400 пәтер. Қазіргі таңда 15 тұрғын үйдің құжаттары толық аяқталып, тұрғын үй қатынастары бөліміне өткізілген.
Сонымен қатар, «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 тұрғын үй — 512 пәтер арендалық бағытта пайдалануға беру жоспарланса, 4 тұрғын үй — 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы ипотекалық кредиттік бағдарламалар аясында тұрғындарға ұсынылатын болады.
Мәжілісте сондай-ақ, 22 тұрғын үй кешенінде жүзеге асырылып жатқан кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы талқыланды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары 80 пайызға, қасбет жұмыстары 75 пайызға, шатыр жабу жұмыстары 80 пайызға орындалған. Жалпы бұл кешенде 880 пәтер қарастырылған.
Қала аумағында сонымен қатар 7 қабатты 14 тұрғын үйден тұратын кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл бағытта барлығы 588 пәтер пайдалануға беру жоспарланған.
Жиында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың санаттары мен статистикасы да талқыланды. Қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 25 мыңнан астам азамат тіркелген. Әзімбек Пазылбекұлы кезекте тұрған, әлеуметтік санаттағы тұрғындардың құжаттандыру үдерістерін жеделдетуді және тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.





