Шымкент қаласының Абай ауданы инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жол сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Абай ауданының әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы мәлімдеді.
Аудан әкімі атап өткендей, бүгінде Абай ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесіне көтеріліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді жобалар іске асырылуда. Аудан құрамында 27 елді мекен бар, онда 257 мыңнан астам халық тұрады. Инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші бойынша аудан қала көлемінде алдыңғы қатарда.
Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының барлығы сапалы ауыз су және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілген. Биылғы ақпан айында «Ынтымақ-2» шағын ауданы мен «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына табиғи газ беріліп, аудан толықтай газ жүйесіне қосылды. Бұл – ұзақ жылдар бойы күтілген ірі жоба әрі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Аудан аумағында барлығы 1274 көше болса, оның 844-і асфальтпен жабылған. Биылғы жылы жүргізілген құрылыс және жөндеу жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш айтарлықтай артпақ. Қазіргі таңда 148 көше қайта жөнделіп, жол төсемдері жаңартылуда. Жоспар толық орындалған жағдайда жыл соңына дейін барлық тас жолдар асфальтталып, аудан көшелерінің 100 пайызы сапалы жабындымен қамтылмақ.
Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға да зор үлес қосады. Әсіресе, жаяу жүргіншілер мен мектеп маңындағы жолдардың абаттандырылуы – балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сонымен қатар, жаңадан салынған жолдарға жарық шамдары орнатылып, арық-атыз жүйелері ретке келтірілуде.
Сұлтанхан Шәкір Асылханұлының айтуынша, инфрақұрылымдық даму – тек инженерлік желілер мен жол құрылысы ғана емес, бұл – халықтың өмір сапасын айқындайтын негізгі фактор.
«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау. Әрбір көшенің жарықтандырылып, жолдарының тегіс болуы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі. Сондықтан инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда халықтың қажеттілігін басты назарда ұстаймыз», – деді аудан әкімі.
Алдағы уақытта Абай ауданында инфрақұрылымды одан әрі дамыту бағытында жаңа жобалар қолға алынбақ. Оның ішінде инженерлік желілерді жаңарту, кәріз жүйелерін кеңейту және жаңа тұрғын аймақтарды инфрақұрылыммен қамту жоспарланып отыр.
Жалпы, соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Абай ауданының келбеті айтарлықтай өзгерді. Инфрақұрылымның сапалы болуы – экономикалық өсім мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуының негізгі көрсеткіші болып табылады.