Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімі – Есілбек Досбол Күздікбайұлы төмендегідей мәлімдеме жасады
Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарды құрап, халық саны 228 830 адамға жетті. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар. Қазіргі таңда ауыз су 97%, электр энергиясы 99,8%, табиғи газ 97% деңгейінде қолжетімді болса, кәріз жүйесімен қамту – 41%, ал асфальт жолдар – 79,8%-ды құрайды.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2022–2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітіліп, инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту толық шешімін тауып, қосымша жобалар 2026 жылға жоспарланды. Электр желілерін жаңарту бойынша 2025 жылы 4,7 шақырым желі жөнделіп, 3 трансформатор ауыстырылды. Сонымен қатар, Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы электр желілері өтпелі кезеңмен 2026 жылы толық жаңартылатын болады.
Табиғи газ жүйесінде 3739 абонентке жаңа қосылу мүмкіндігі жасалуда. Қаратөбе мен Оңтүстік шағынаудандарында құрылыс аяқталса, Жалын, Қарабастау және Жұлдыз тұрғын алаптарында абоненттеу жүргізілуде. Кәріз жүйелерін тарту бағытында «Ұлағат» шағынауданында жұмыстар аяқталды, Базарқақпа тұрғын алабында құрылыс басталды. Сонымен қатар, орталықтағы 11 көшеге кәріз жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.