Еңбекші ауданы аумағында жалпы ұзындығы 732 шақырымнан асатын 728 көше бар. 2025 жылы 72 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінгі таңда олардың 90%-да тиісті жұмыстар аяқталды. Аяқжолдар салу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп, 2025 жылы 13,2 шақырым жаңа аяқжол пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ирригациялық арықтар орнату арқылы су басу қаупін азайтуға бағытталған шаралар іске асуда.
Жарықтандыру жұмыстары бойынша 2025 жылы жалпы 367 көше қамтылуы тиіс болса, қазіргі таңда 282 көше толық жарықтандырылып, жыл соңына дейін тиісті меже орындалатын болады. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 47 аула мен 17 мекенжайда балалар ойын алаңшалары орнатылды. Аудандағы спорт нысандарының саны да артып, 2025 жылы 9 жаңа ашық спорт алаңы салынды.
Абаттандырудың тағы бір бағыты ретінде гүлзарлар мен жасыл аймақтар көбеюде. 2024 жылы 5 гүлзар пайдалануға берілсе, 2025 жылы 8 гүлзардың құрылысы жоспарланып, олардың басым бөлігі жыл соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар, көшелерге жаңа атау тақтайшалары орнатылып, 2025 жылы 207 көшеге 9015 тақтайша орнату жұмыстары толық жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.