Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңін айқындап, мемлекеттің даму бағытын нақты белгілеп берді. Жолдауда өңдеу өнеркәсібін өркендету, кәсіпкерлікке кең жол ашу, инвестиция тарту, цифрлық экономиканы ілгерілету сынды стратегиялық маңызды міндеттер қойылды.
Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен өңірде Жолдауды жүзеге асыруға арналған кең ауқымды мәжіліс өтті. Іс-шараға 100-ден астам жергілікті кәсіпкер қатысып, Президент тапсырмаларын іске асыру тетіктері талқыланды. Облыс басшысы өз сөзінде инвестициялық ахуалды жақсарту, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, жергілікті кәсіпкерлікті жүйелі қолдау – бүгінде ел алдындағы басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Президент Жолдауы – нақты істердің бағдары, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі. Біздің міндет – осы тапсырмаларды сапалы әрі тиімді орындау. Бұл бағытта барлығымыз бірлесе еңбек етуіміз қажет, Мемлекет басшысы Жолдауда шикізаттық емес секторды дамыту – стратегиялық басымдық екенін қадап айтты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін ілгерілету арқылы біз ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз. Осы мақсатта облысымызда арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, инвесторларға жағдай жасау, жаңа кәсіпорындар ашу бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Біз әр салада белсенділік танытып, бірлесе әрекет етуіміз керек. Президент тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру – біздің ортақ міндетіміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында инвесторлармен тікелей әрі кәсіби жұмыс жүргізу мақсатында жаңа инвестициялық басқарма құрылған. Бұл құрылым инвесторларға толыққанды сүйемелдеу қызметін ұсынып, әкімшілік кедергілерді азайту, жобаларды жедел іске асыру, бизнес ортаны жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жаңа форматта ұйымдастыру, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды даму институтына айналдыру мәселелері күн тәртібіне шықты. Президенттің Жолдауында да бұл нақты айтылды.
Өңірде индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жергілікті шикізатқа негізделген өндірістерді іске қосу, техникалық мамандықтарға сұранысты арттырып, кадрлық әлеуетті көтеру – басты назарда. Облыс әкімінің айтуынша, 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар нәтижесінде 23 766 жаңа жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, биылдың өзінде 57 жоба іске асырылып, 8 163 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінге дейін 124,1 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылып, 3 457 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – өңір экономикасы үшін үлкен серпіліс.
Бүгінде Түркістан облысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Созақ ауданында жылына 1,6 млн тонна фосфорит кенін өңдейтін «Созақ Фосфат» зауыты мен жылына 100 мың тонна күкірт қышқылын шығаратын «TAIQONYR QYSHQYL» зауыты салынып жатыр. Түлкібас ауданында жылдық қуаты 1,8 млн тоннаны құрайтын каустикалық сода, цемент, ПВХ, әк және карбид өндіретін «Састөбе Инновациялық кешені» іске қосылмақ. Сонымен қатар, Түркістан қаласында мақта кластерін дамытатын «KAZAKHSTAN LIHUA», Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» және Ордабасы ауданында желатин мен май өндіретін «HUATING BIOTECHNOLOGY» зауыттары бой көтеріп келеді. Облыс әкімі өз сөзінде бұл жобалардың өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, шикізаттық емес сектордағы Түркістанның үлесін еселейтінін атап өтті.
Президент Жолдауында қозғалған маңызды бастамалардың бірі – цифрлық теңгені енгізу мәселесі де кеңінен талқыланды. Облыс әкімі бұл бастаманың еліміздің қаржы жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретінін атап өтті. Цифрлық теңге – транзакциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономикамен күресудің тиімді тетігіне айналмақ. Осыған байланысты облыстағы барлық кәсіпкерлер мен қаржы институттарына технологиялық және ақпараттық тұрғыда дайын болу қажеттігі айтылды. Облыс әкімдігі тарапынан цифрлық теңгеге көшу үдерісінде қажетті әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіледі.
Бұдан бөлек, жиында Түркістан қаласында ашылған Woosong IT университетінің маңыздылығы да сөз болды. 2 300 студентке арналған оқу ордасы өңірдің цифрлық серпілісінің негізі болмақ. Университет жасанды интеллект, Big Data, киберқауіпсіздік, бағдарламалау, IT-инженерия сынды бағыттарда жоғары білікті мамандар даярлап, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі білім хабына айналады. Биыл облыс әкімдігі тарапынан 100 мемлекеттік грант бөлінді.
Кездесу барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, «Nurym Group» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев және өзге де кәсіпкерлер сөз сөйлеп, Президент Жолдауын іске асыру жолында мемлекетпен бірлесе еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров: «Әрқайсымыз өз саламызда белсенділік танытып, жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз қажет. Бірлескен еңбегіміздің нәтижесі ел дамуына үлес қосатынына сенемін», – деді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі