Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте мегаполистің әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму барысы жан-жақты қаралды. Жиынға аудан әкімдерімен қатар, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Жайлы ортаны дамыту, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының басшылары қатысты. Басқарма өкілдері атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Отырыс барысында Абай ауданындағы инженерлік инфрақұрылым саласын дамыту жұмыстарының қарқыны ерекше аталды. Қазіргі уақытта аудан аумағында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер мен шағынаудандарды сапалы электр энергиясымен қамту мақсатында үш нысанда инфрақұрылымдық құрылыс жүргізілуде. Жобалар толық іске қосылғанда жаңа үйлер мен көпқабатты баспаналарда жарық тұрақты әрі үздіксіз жеткізілетін болады. Бұл — тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар, ішкі орам көшелерде жол инфрақұрылымын жетілдіру шаралары қолға алынған. Абай ауданында бірнеше көшеде асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолақтары мен бордюрлер жаңартылуда. Қажетті аумақтарда жаңбыр және кәріз суын өткізетін жүйелер де қайта жаңғыртылуда. Бұл ретте «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі ерекше. Тұрғындардың тікелей ұсыныстары ескеріліп, аулалар абаттандырылып, қоғамдық кеңістіктер заманауи талаптарға сай жаңартылуда.
Жыл басынан бері Абай ауданында бірнеше жаңа ойын және спорт алаңшалары, демалыс аймақтары мен гүлзарлар халық игілігіне берілді. Бұл нысандар балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және отбасылық демалысты қолайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған емес. Көше қиылыстары мен жол бойларына гүл отырғызылып, жарық шамдары орнатылуда. Аудан аумағына раушан, қызғалдақ және біржылдық гүлдер егілді. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау, суару және қураған ағаштарды алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Абай ауданын экологиялық әрі эстетикалық тұрғыдан тартымды аймаққа айналдырудағы маңызды бастамалардың бірі.
Жалпы, Абай ауданындағы инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жобалар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын таппақ. Қала және аудан әкімдіктері тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, игі істерді бірлесе жүзеге асыруды көздеп отыр.